ҚазҰУ Шыңжаң медицина университетімен келісімге қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Шыңжаң медицина университетінің делегациясы арнайы іссапармен келді. Қонақтар университет басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев профессор Хаджи Акбер Айсаны Шыңжаң медицина университетінің ректоры лауазымына тағайындалуымен құттықтады
Келіссөз барысында ҚазҰУ басшысы қонақтарды университет қызметімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ректор ҚазҰУ-да медицина және денсаулық сақтау факультетінің табысты жұмыс істеп отырғанын айтып, сегіз ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми-зерттеу зертханасының, 29 ғылыми орталықтың, оның ішінде дәрілік өсімдіктер орталығының жұмысына тоқталды.
«Бүгінде ҚазҰУ мен Қытай университеттері, институттар және ұйымдары арасында 53 келісімге қол қойылды. Бізде ортақ мақсаттар бар. Өзара ынтымақтастықты дамытып, ғалымдарымыз зерттеулер жүргізетін бірлескен орталық ашуымыз қажет», – деді ректор Жансейіт Түймебаев.
Бүгінде екі елдің білім ордаларымен қол қойылған келісімдер аясында академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да ҚХР-дан 298 студент стипендиялық бағдарлама аясында және 664 студент келісімшарт негізінде білім алуда.
Өз кезегінде Шыңжаң медицина университетінің ректоры, профессор Хаджи Акбер Айса университет басшылығының қабылдауына алғыс білдіріп, Үрімші қаласында орналасқан университеттің қызметі жайлы айтып берді.
ШМУ-да медицина, жаратылыстану ғылымдары, инженерия, менеджмент, құқық сынды бес факультет жұмыс істейді. Университет 1957 жылы құрылған және бүгінде онда 28 300 студент білім алса, 17 290 оқытушы дәріс оқиды.
«Біз университеттер арасындағы байланысты жандандыру бағытындағы барлық бастамаларды қолдаймыз. ҚазҰУ білім және ғылым саласындағы жетекші университеттердің бірі. Біздің университетте сегіз клиника бар. Университет Қытайда медицина саласында 11-орында. Сіздерді 2024 жылдың мамыр айында біздің университетке келіп, оқу орнының ғылыми инфрақұрылымымен танысуға шақырамыз және тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылармен алмасуға әзірміз», – деді Шыңжаң медицина университетінің ректоры.
Жүздесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі