ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

16 желтоқсан, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттер!

Сіздерді еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттық­таймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады», – деп атап өткен болатын.

«Азаттық – елдің мұраты, абырой – ердің мұраты» дейді дана халқымыз. Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктерге көтеру – бәрімізге ортақ міндет.

Әділетті қоғам қалыптастырып, жаңа Қазақстан құруда әрқайсымыздың елеулі үлесіміз болуы тиіс.

Дамудың кілті – білім мен ғылымда.

Бұл жолда оқытушы-профессорларға, ғылыми қауымдастық мүшелеріне жүктелетін жауапкершілік зор.

Мемлекет бәсекеге қабілетті жастарға, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандарға, білікті ғалымдарға үлкен сенім артады.

Осы сенім үдесінен шығып, межелі белестерді бірге бағындырып, ұлы мақсаттарға бірге жетейік.

Баршаңызға мықты денсаулық, құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Еліміздің іргесі бүтін болып, Қазақ елі өркендей берсін.

Мемлекетіміздің қасиетті, тұғырлы мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ