ҚазҰУ Шаньдун технологиялық университетімен жұмысты күшейтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Хуаюй Шаньдун технологиялық университетінің президенті Лян Югомен кездесті.
Жүздесуде ҚазҰУ мен Хуаюй Шаньдун технологиялық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Мақсат – қарым-қатынасты арттыру, бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу және кадрларды даярлау.
Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасындағы ынтымақтастық байланыстардың артып келе жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытайдың 53 жоғары оқу орнымен байланыс орнатып, тығыз жұмыс істеуде. Соңғы бес жылда оқу ордасының 80-ге жуық студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытай университеттерінде тағылымдамадан өтіп, қысқы мектептеріне қатысып келді. Сонымен қатар 40-қа жуық оқытушы ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысу үшін Қытайға барған болатын.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев екі университет арасындағы байланысты жан-жақты дамытып, ғылым мен білім саласы бойынша ортақ жұмыстар атқару қажет екенін айтты.
Өз кезегінде технологиялық университет президенті Лян Юго екі университет арасындағы серіктестікті арттыруға ниетті екенін жеткізді.
Хуаюй Шаньдун технологиялық университеті 2002 жылы ашылған Дэчжоу қаласындағы Қытайдың жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде білім ордасында 20 мыңнан астам студент оқиды. Университеттің 10-ға жуық факультетінде 1500-ден астам оқытушы жұмыс істейді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, алдағы жоспарларды саралады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі