Ұлттық киім – этномәдени құндылық

25 желтоқсан, 2023

Әр ұлтты ерекшелендіретін дәстүрлі құндылықтары, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық киімдері бар. Қазақтың ұлттық киімдері – тарихтың көзі, өткен тарихымыз бен салт-дәстүріміздің көрінісі. Жыл санап жұрт ішінде оларға деген сұраныс артқанымен, белгілі бір мейрамдарда ғана тұтынатыны бізді қынжылтады. Осыған орай, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті басшылығының бастамасымен «Ұлттық киімді ұлықтау күні» өтті. 

Іс-шараға факультет оқытушылары, шетелдік студенттер белсенді қатысты. Аталған іс-шараның мақсаты – ұлттық киімнің маңыздылығын көрсету, тарихымен таныстыру, жастар арасында насихаттау.  Бұл күні шетелдік студенттерге қазақтың ұлттық киімі мен әшекейлерінің ерекшеліктері мен тарихы, олар жайлы құнды деректер де айтылды. Хакім Абай «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» дегендей, ұлттық нақыштағы киімдерді заманға сай икемдеп, тақия мен әшекейлерді үйлестіріп тағудың мәні зор.  

Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау да бізге аманат. Осы орайда, Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының шетелдік тыңдаушылары мен оқытушылары ұлттық нақыштағы киімдер киіп, әшекей тағып, ұлт мұрасын ұлықтауға атсалысып жүреді. 

Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Бұл жай ғана киім емес, бүтін бір ұлттың бет-бедерін айқындайтын ұлан-ғайыр тарих. Қыздарымызға көрік, ер-азаматтарға айбат, жігер беретін ұлттық киіміміз қазақ халқын бүкіл әлемге танытатын этномәдени құндылық деп білеміз.

Айгүл ЕСКЕРМЕСҚЫЗЫ,

жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің оқытушысы