ҚазҰУ-да биосутегін алудың инновациялық жобасы әзірленді

27 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология кафедрасы жанындағы Фотобиотехнология зертханасының ғалымдары биосутегін алудың жаңа инновациялық жобасын әзірледі.

Университет ғалымдары тиімді сутегін өндіретін цианобактериялардың ықтимал штамдарын анықтап, сұрыптап, олардың өсу жағдайларын оңтайландыру негізінде сутектің шығымдылығын едәуір арттырды.

Биоэнергетиканың қазіргі заманғы бағыттарының бірі – қоршаған ортаны ластамай, сутегін өндіруге қабілетті нысандарын іздеу, сондай-ақ сутегінің жоғары шығымдылығын қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеу. Микроорганизмдерге негізделген әртүрлі жаңартылатын таза энергия көздерін пайдалану климаттың өзгеруінің жағымсыз әсерін азайтуға және тұрақты энергетикалық жүйеге көшуге ықпал етуі мүмкін.

 

 

«Алынған нәтижелер негізінде биоотын өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын микроорганизмдер штамдарының қорын кеңейту мақсатында гетероцисталы цианобактерия штамы Anabaena variabilis A-1 пайдалы моделіне патент алынды. Сонымен қатар цианобактериялардың таңдалып алынған Anabaena variabilis A-1 штамы негізінде биосутегін алудың зертханалық регламенті әзірленді. Енді болашақта осы штамның тікелей сутегі өндірісіне жауапты ферменттеріне молекулалық генетикалық әдістер көмегімен манипуляциялар жасау арқылы сутегі шығымын біршама арттыру жұмыстарын жүргізу көзделуде», – деп атап өтті жобаның ғылыми қызметкері Ардақ Какимова.

Өнімді күнделікті тұрмыста, яғни энергия көзі ретінде, болашақта шығатын арнайы сутегімен жүретін көліктерге, ұшақта, ғарышта, зауыттарда және т.б. салаларда пайдалануға болады. Цианобактериялардан сутегін бөліп алу әлемдік тәжірибеде бар. Ал елімізде бұл жоба тұңғыш рет жүзеге асып отыр.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дайындалған отандық патенттелген сутегі өндіргіш цианобактерия штамы негізіндегі сутегі өнімділігін арттыру және биоотынның ауқымды өндірісін ұлғайтуға бағытталған зерттеу жұмыстары жалғасуда.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі