ҚазҰУ ғалымдары «Болашақ» гранттарын жеңіп алды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары «Болашақ» бағдарламасы аясында жарияланған «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына арнайы гранттарды жеңіп алды.
Грант иегерлерінің бірі – Молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымының кандидаты Жазира Жүнісбаева. Жазира Қабылқызы профессор Мұрат Сапарбаевтың жетекшілігімен ғылыми тағылымдама барысында митохондриялық ДНҚ тізбегіндегі тұқым қуалаушылықты және геномдық соматикалық мутациялардың пайда болу заңдылықтарын зерттейді. Тағылымдама Густав Рози атындағы Париж институтында өтеді. Бұл зерттеу жұмысы адамның қартаюына байланысты ауруларды ерте диагностикалау, алдын алу мен емдеудің жаңа әдістерін табуға көмектеседі.
Биология және биотехнология факультетінің Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының аға оқытушысы Арайлым Есенбекова Испанияның Гранада университетінде тағылымдамадан өтеді. Ғылыми жұмыстар Гранада университеті базасындағы молекулалық биология және жасушааралық байланыс саласындағы жетекші зертханалардың бірінде жүргізіледі. Жас ғалым испаниялық мамандармен бірлесе отырып, метаболикалық аурулардың негіздерін молекулалық және биохимиялық деңгейде зерттейді.
Химия және химиялық технология факультеті Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Шолпан Назарқұлова Милан қаласында (Италия) тағылымдамадан өтеді. Қабылдаушы ұйым – SCITEC (Istituto di Scienze e Tecnologie Chimiche) Giulio Natta, CNR (Consiglio Nazionale delle Ricerche).
Ғылыми тағылымдаманың тақырыбы – «Ауыр металдардан ағынды суларды каталитикалық дезинфекциялау үшін тиімді көпфункционалды бейорганикалық қатты жүйелерді зерттеу».
Биология және биотехнология факультетінің техника және технология магистрі Марат Амангелдин ғылыми тағылымдаманы Флиндерс университетінде (Австралия) өткізеді. Жас ғалым «Антиоксиданттық жүйе арқылы бидай өсімдіктерінің құрғақшылыққа төзімділігін арттыру үшін микробалдырларды қолдану» тақырыбында зерттеулер жүргізеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі