ҚазҰУ ғалымы көпжылдық бидайды нарыққа шығармақ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева 2023 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды.
Ғалым байқауға «Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысында биоалуантүрлілік пен топырақтың құнарлылығын сақтауда көпжылдық бидайды егіншілікке енгізу» ғылыми жобасын ұсынған.
Жобаның мақсаты – экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді көпжылдық бидайды нарыққа шығару. Жоба жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда біржылдық бидай мол өнім бергенімен, топырақтың бүлінуіне әкелетінін айтады. Сондай-ақ егістік науқанында біржылдық бидайды еккен кезде жыл сайын көп шығын жұмсалады.
Профессор Меруерт Құрманбаева ұсынған көпжылдық бидай топырақтың эрозияға ұшырауынан сақтайды. Сонымен қатар жыл сайынғы жер жырту мен дақылды егу жұмыстарын қажет етпейді.
«Қазақстанның ұлттық брендтерінің бірі – бидай. Көпжылдық бидайды бір рет қана егіп, 5-6 жыл өнім аламыз. Бұл еліміз үшін өте тиімді. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде 40-тан астам зерттеу орталықтары көпжылдық дақылдарды зерттеумен айналысады. Біздің жобамыз Қазақстандағы көпжылдық бидайға жүргізілген тұңғыш зерттеу болып табылады. Қазіргі таңда ғылыми жобамызды нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Көпжылдық дақылдың біржылдық дақылдан артықшылығы – оларда тамыр жүйесі жақсы дамыған. Бұған қоса, топырақтың сапасын жақсарту, көміртектің сіңуін арттыру, судың енуін қамтамасыз етуде ықпалы зор. Тұқымынан бөлек, жерүсті бөлігі еліміздегі жемшөп тапшылығы мәселесіне оң әсерін тигізетіні айқын», – дейді ғалым Меруерт Құрманбаева.
Бүгінде ҚазҰУ ғалымдары ғылыми жобаға патент алған. Қазіргі таңда коммерцияландыру жұмыстары жүргізілуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі