Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушы жастар!
Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы жыл еліміз үшін де, университетіміз үшін де табысты жыл болды.
Бір жылда университетте білім мен ғылым бойынша іргелі істер атқарылды.
Asia University Rankings халықаралық рейтингінде ҚазҰУ Қазақстанда көш бастап, Азиядағы үздік 30 ЖОО қатарына қосылды.
Биыл ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.
Қазіргі сәтте университетте жалпы құны 8,1 млрд теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылуда.
География және табиғатты пайдалану факультеті 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды.
Биыл ҚазҰУ жанынан Ми институты құрылды.
Қазіргі сәтте ҚазҰУ жанынан өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік шешімдер орталығы салынуда.
Бұған қоса, ҚазҰУ-да суперкомпьютермен қамтамасыз ету жөніндегі үкіметаралық жоба жүзеге асырылады.
Біздің басты мақсатымыз – білім сапасын жақсарту, ғылымды дамыту және ҚазҰУ қалашығын жаңғырту.
Ең басты жаңалығымыз – Мемлекет басшысының қолдауымен 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін іске асыру жұмыстары басталды.
15 желтоқсанда университетімізде әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Тоғыз қабатты үш жатақхананың жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді құрайды.
Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
70 шаршы метрлік толыққанды жабдықталған бір бөлме төрт адамға арналған.
ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспары бойынша қалашықта жалпы 12 жатақхана, 8 оқу корпусы бой көтереді.
Жаңа жылдан кейін төрт оқу корпусы, қаңтар айында 35 мың шаршы метр емхана құрылысы басталады.
Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті, стоматология жұмыс істейтін болады.
Бұған қоса, қызметкерлерге арналған тұрғын-жай, инновациялық орталық, IT хаб, спорттық-сауықтыру орталығы т.б. ғимараттар салынады.
Келесі жылы университетіміз 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Осы қуанышқа орай, алдағы күзде алғашқы жатақхана пайдалануға беріледі.
Жаңа жылды жаңа табыстармен қарсы алайық.
Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Алдымыздағы мерейлі жаңа жылымыз жаңа жетістіктерге толы болсын!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ