Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 350-ге жуық жас ғалым жұмыс істейді. 2023 жылы ғылым саласында оқ бойы озық болып, үздік деп танылған 10 жас ғалымды таныстырмақпыз.
1. Серік Хохлов – PhD, доцент. Жас ғалым ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Астрофизикадағы сандық талдау» зертханасын ашты. Зертхананың негізгі жұмысы эволюцияны зерттеуге, тығыз екеуліктің негізгі физикалық параметрлерін анықтауға және жарық қисықтарын компьютерлік модельдеу әдістерін қолдана отырып, бақыланған көріністердің табиғатын түсіндіруге, аккрециялық ағындарының құрылымын сипаттауға, қос жұлдыздардың айналасындағы заттардың түзілуін талдауға бағытталған. Серік Хохловтың қызығатын негізгі тақырыбы – қос жұлдыздар, оның ішінде катаклизмдік айнымалылардың кең класы, Ве және В[e] феноменді жұлдыздарды зерттеу.
2. Қуаныш Тастамбек – Іргелі медицина кафедрасының аға оқытушысы, Экологиялық мәселелер ҒЗИ директоры. Ғылыми бағыты – биоэнергетика, қоршаған орта мониторингі, микроорганизмдер экологиясы, биотыңайтқыш, экологиялық микробиология.
3. Мәдина Тұрсымбаева – Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер. Жас ғалым 2012 жылғы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Мәдина Тұрсымбаева бүгінде ауа сапасын, атмосфераның ластануын, атмосфераның шекаралық қабатының биіктігін және ауа массасының траекторияларын зерттеп, іргелі жұмыстар атқарып келеді.
4. Қанағат Кішібаев – Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығының жетекші ғылыми қызметкері. Жас ғалым қазіргі таңда 60-қа жуық ғылыми мақаланың авторы. 2022-23 жж. дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының лауреаты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2023 жылғы «Үздік жас ғалым» атағының иегері. 2011 жылы Ресейдің Белгород мемлекеттік университетінде ШЫҰУ бағдарламасы бойынша оқып, 2013-15 жылдары Испанияның Сантьяго-де-Компостела университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Зерттеу саласы: химиялық технология, белсендірілген көмір, сорбция, аналитикалық химия, суперкритикалық СО2 экстракция, электродтарды дайындау және олардың сипаттамаларын зерттеу.
5. Арайлым Есенбекова – Биофизика, биомедицина және неврология кафедрасының аға оқытушысы. Оқу ордасындағы қызметін 2018 жылы бастаған. 2023 жылғы «500 ғалым» ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша грант иегері. 2023 жылы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы атанды. Арайлым Есенбекова биомедицина, адам және жануарлар физиологиясы, молекулалық биология, микроРНК тотығу стресі, еліміздегі екі типті қант диабетін тиімді емдеу мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
6. Асхат Құдайбергенов – Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының ғылыми қызметкері, аға оқытушы. Зерттеу саласы: деформацияланатын орталардың сызықты емес механикасы, сызықты емес динамикалық жүйелердің қолданбалы есептерін модельдеу, олардың тұрақтылығын талдау, әртүрлі жүктеме жағдайында серпімді ортадағы толқындық динамика есептерін асимптотикалық шешу. 2013 жылы «Ғылым әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясында І дәрежелі дипломмен марапатталған. ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымдарының бірі.
7. Жазира Супиева – Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының м.а. доценті. Жас ғалым 2023 жылы Республика күніне орай, ҚР ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазіргі уақытта «Энергияны жылдам сақтау үшін көміртегі мен йодтың фазааралық әрекеттесу процестерін түсіну» тақырыбы бойынша ғылыми гранттық қаржыландыру жобасының жетекшісі. ҚазҰУ-дың ең үздік жас ғалымы. Ғылыми бағыты – электрохимия, нанотехнология және наноматериалдар, көміртекті материалдар, суды тазарту.
8. Асан Әбдірахманов – Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушысы. Жас ғалым еңбек жолын 2015 жылы ҚазҰУ ғылыми институттарында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 2021 жылы жас дарынды ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері. 2016-20 жж. республикалық жыл сайынғы студенттік ғылыми жұмыстар байқауында жүлделі 1-орын алған. Асан Әбдірахманов плазма физикасын, нанотехнология және жаңа материалдар, плазмалық технологияларды зерттеумен айналысады.
9. Айжан Талипова – ғылыми қызметкер, Биотехнология кафедрасының аға оқытушысы. Биология саласы бойынша білім ордасында 2014 жылдан бастап табысты жұмыс істейді. Ғылыми бағыты: биокомпозиттік материалдарды жобалау. Айжан Талипова 2023 жылы ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалымы» атанды.
10. Әйгерім Тәжен – Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы. 2017 жылы физика-техникалық кластерінің үздік жас ғалымы, ал 2023 жылы ҚазҰУ-дың «Ең үздік жас ғалымы» атанды. Зерттеу саласы: плазма физикасы, плазмалық үдеткіштер физикасы, термоядролық энергетика, плазма диагностикасы, материалтану, тозаңды плазма.
Әл-Фараби атындағыт ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі