Сағындық Сатыбалдиннің «2050 Стратегиясы». «Мәңгілік ел». «Нұрлы жол» атты монографиясы жарық көрді

4 мамыр, 2015

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Сағындық Сатыбалдиннің «2050 Стратегиясы». «Мәңгілік ел». «Нұрлы жол» атты монография жарық көрді.

Мұнда ел өмірінің соңғы кезеңі ғылыми екшеуден өткізіледі. 2007 жылы АҚШ ипотекалық жүйесінде басталып әлемге індеттей тараған қаржы экономикалық дағдарыстың себеп-салдарын аша отырып, Президент Н.Ә. Назарбаевтың тікелей ұсынысымен қабылданған «2050 Стратегиясы» және «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты бағдарламалардың өзектілігі мен оларды жүзеге асырудағы жетістіктер және олқы тұстары жан-жақты талқыланады. Автор өзінің оқырманға ұсынып отырған осынау құнды ғылыми еңбегінде Қазақстанның әлемдегі озық елдер сапында болуы үшін не істеу керек деген өзекті сұраққа жан-жақты жауап беріп, дәл осы салада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен атқарушы билік қолға алған игіліктердің өмірлік маңыздылығына өз тұжырымын жасайды. Сондай-ақ, осы кітапқа әлем мен Қазақстанның үйлесімді және ырғақты дамуына қатер қайдан деген сұрақтарға жауап берген мақалалары да енгізілген. Автордың бұл еңбегі ғылыми ойдың, нақты деректердің молдығымен, сондай-ақ монография тілінің баршаға бірдей түсінікті, жатық болуымен де құнды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі