«MISS Kaznu-2015» сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды

4 мамыр, 2015

29 сәуір күні Ө. Жолдасбеков атындағы Cтуденттер сарайында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан«MISS Kaznu-2015» сұлулық байқауы өтті.

Кеш шымылдығын Серік Ибрагимов «Вокзалда қауышқан қыз» атты әнімен ашты. «MISS KazNU-2015» сұлулық байқауына жүздеген өтініштер келіп түсіп, ақтық сынға тек 12 ару жолдама алған еді. Сегіз факультеттен қатысқан ең әдемі қыздар – 17 мен 25 жас аралығындағы бойжеткендер. Олар – тек сұлу ғана емес, сонымен қатар өз халқының тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін жетік білетін талантты арулар. Ақылына көркі сай бойжеткендердің бәрі жеңістен үмітті. Десек те, сын сағатта аруларға шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көрсететін сұрақтар, жоғары талап қойылды.

Кеште сөз алған Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы: «MISS Kaznu-2015» сұлулық байқауының ақтық сынына жетіп, дәл қазір алдарыңызда өз өнерін ортаға салатын үміткерлердің барлығы жеңіс тұғырынан көрінуге лайық. Өйткені, сайысқа қатысудың өзі жеңіс. Әйтсе де, батылдық пен табандылық көрсетіп, оқ бойы озық шыққан арулардың бойында өжеттік, қайсарлық бар» – дей келе, бойжеткендерге сайыста сәттілік тіледі.

Сондай-ақ байқауда «Бақыт» би ансамблі, эстрада жұлдызы Малика Есмұхамедова, талантты әнші Шәмші өнер көрсетсе, Қазақстан даусы байқауының 2015 жылғы финалисті Ерман Бердалы сахнаға шығып, аруларға қолдау көрсету мақсатында жанды дауыста ән шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Қыздардың қазақстандық дизайнерлердің киімдерін киіп шығатын дәстүрлі дефилесінде қатысушылар ''Love Republic'' сән үйі тіккен көйлектерде ‘‘Brosh’’ аксессуарларын тағып шықты. Сонымен қатар, «Сұңқар» кәсіподағы, «Махаббат қызық мол жылдар» интернет порталы, «Avon» компаниясы, «Сosmolitan», «Show life», «Я невеста» журналдары демеушілік танытты.

Арулардың өнерін әнші Аша Матай, актер, тележүргізуші Тәуекел Муслим және тағы да басқа эстрада жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері бағалады.Екі жарым сағатқа созылған байқаудың нәтижесін көрермендер тағатсыздана күтті. Нәтижесінде, «Miss Kaznu 2015» байқауының бас жүлдесі Байсеңгірова Айсұлуға бұйырды. Бірінші орынға Тұрсынғали Сымбат лайық деп танылса, екінші орын Мұрат Қорланға берілді. Ал үшінші орынды Бересова Гауһартас иеленді.