- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты кездесу өтті
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты кездесу өтті
30 сәуірде Әл-Фараби кітапханасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты кездесу кеші болып өтті.
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, қаһарлы күндерде төзімділік танытқан, тайсалмай жаумен айқасқан майдан майталмандарының ерен еңбектері ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес. Олар қасық қаны қалғанша дұшпанмен алысты. Егемен ел атану үшін талай боздақтың қаны төгіліп, шаһид кешті. Миллиондаған жандар қыршын кетіп, бірі мүгедек боп арбаға таңылса, бірі хабар-ошарсыз кетті. Соғыстан қарақағаз келіп, талай қазақ шаңырағы шайқалды. Қара басының қамын күйттемей, халқының жарқын болашағы үшін жандарын пида еткен ақтангерлердің ерлік істерін жастарға өнеге етіп, елін, жерін қорғауға, патриоттық сезімдерін оятып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу – біздің отан алдындағы борышымыз. Жанкештілік көрсеткен олардың қатары бүгінде сиресе де, әлі тың көрінер қарттарымыз да жоқ емес. Атап айтсақ, тыл ардагерлері Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы, Шалекенов Уахит Хамзаұлы, Түрікпенұлы Жолмұхан, Бакешов Ғалымжан Жүсіпұлы келіп, жастармен бас қосты.
Жиналған қауым бір минут үнсіздік жариялап, сұрапыл соғыс құрбандарын еске алды. Кеш жүргізушілерінің қойған сұрақтарына жауап бергенімен, Отан үшін от кешкен сонау қиын күндерді қайта еске түсіру ардагерлерге оңайға соқпады.
Азаматтық арына дақ түсірмеген өршіл рухты алыптардың жауға тойтарыс беріп, солардың күресінің нәтижесінде бізге келген сол бір жемісті, жеңісті күннің алауы тарих түкпірінен мәңгілік орын алғаны рас. Бұл жөнінде кітапхана меңгерушісі Жаманкөзева Ақмарал Аманкелдіқызы: «Ардагерлеріміздің ерлік істерін ұмытпай, ұрпақ жадына майдангерлердің елі үшін сіңірген еңбегін ұлықтап, оларды патриотшылдыққа, бауырмашылдыққа тәрбиелеп қана қоймай, бойларына асыл қасиеттерді дарыту арқылы жастардың көкірек көзін аша түсеміз», – дейді.
Сондай-ақ кеште Ұлы Отан соғысының зардабын көрген ардагерлерді дәріптеу мақсатында «Ұрпаққа ұран болған ұлы ерлік» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнау өлең оқылды. Патриоттық әндер шырқалды.
Кеудесін оққа тосқан оғландардың қайтпас қайсар ерлігі мен өжет мінезі, жауға қарсы күресі мен Отанға деген сүйіспеншілігі жұртым деген әрбір жастың жүрек түкпірінде әрқашан жаңғырып тұрары анық.