Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы сұхбатының маңызы мен мәні

3 қаңтар, 2024

Жаңа жылда алғашқы күндерінің бірінде «Егемен Қазақстан» газетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты жарияланды. Сұхбат әрине мемлекеттілігімізді онан әрі нығайту жолындағы қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан мақсаттар мен міндеттердің орындалу барысына жан-жақты баға бере отырып, болашаққа тың серпінмен қадам басуда Қазақстан қоғамының жаңғырған, ұтқырда, озық ойлы жаңа азаматын қалыптастырудың маңыздылығына мән береді. Ол үшін көптеген саяси реформалар мен ғылым мен мәдениетте көптеген игі шаралар жүргізіліп жатқандығы белгілі.

            Солардың кейбір тұстарына тоқталатын болсақ, Мемлекетіміздің саяси жаңғыруына көп көңіл бөлініп, дамыған елдер қатарында болуды көздеген игі шараларды жүзеге асыруда «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» құрылуы да маңызды болды, қоғамдағы жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз ашық айтылып, кемшіліктерді жоюдың жолдары көрсетілді.  Конституциялық соттың қайта қалпына келуі, әкімдерді халықтың өз ішінен сайлауы, т.с.с. атқарылып отырған жұмыстар да халықтың мемлекет саясатына деген сенімділікті ұялатты.  Президент мемлекетімізде бүгінде жасалынып жатқан саяси реформалардың барлығы еліміздің біртұтастығы мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыру, озық мемлекеттер қатарында болудың тетігі екендігін айтады.

            Президент тарих-біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі дей келе, өткен тарихымызда орын алған, тарихи ақиқаттың ашылмаған ақтаңдақ беттерін ашуға көп көңіл бөлініп, бүгінде сталиндік репрессия құрбандарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті. Иә, ақиқатында тарихи әділдікті  қалпына келтіру барысында аймақтар бойынша, жергілікті тарихшылар құрамын қоса отырып, үлкен зерттеу тобының құрылып, үлкен жұмыстар атқарылып, бірнеше томдық кітаптар шығарылып жатқаны барлығымызға белгілі. Тарихи зобалаңдар нәтижесінде жазықсыз запа шегіп, әділетсіздіктің құрбаны болған ата-бабамыздың рухын қастерлеу, ұлттық тұлғаларымыздың мемлекет құру барысындағы ерліктерін насихаттау жас ұрпаққа үлкен бір сезім-Отансүйгіштікке тәрбилеудің тетігі екендігі бәрімізге аян, оған дәлел «Оян қазақ» кинофильмінің жастарға қалай әсер еткендігін естіп-біліп жатырмыз. Сондықтан да мемлекет басшысы сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру басты міндет болып қала беретіндігіне баса назар аудартады. Сондай ақ, жаңа ғылыми мекемелер құрылып, ғылыми-зерттеу институттары жаңартылып, мемлекетімізді дамыту мен нығайтуда жаңа мақсат-міндеттер  жүктелуде. Бұл бағытта да мемлекетіміз жаңарған жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек десек, білім мен ғылымға басымдық беру керек екендігін айқын мақсат етеді. Қазіргі кезеңде әлемде болып жатқан өзгерістер біздің елімізден тыс айналып өтпейтіндігін, сондықтан жаңа кәсіби дағдыларды меңгерген, озық білімді, ойы ұшқыр, елімізді дамытуда жаңа идеялар бере алатын жастардың қабілеті мен парасат-пайымы және тәжірибесі мол аға буын өкілдерінің қызметін ұштастыра отырып еліміздің даму тетіктерін табуға тартуды  міндет етеді.

   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір жолдауында, мақалаларында жалпыұлттық құндылықтарға мән береді. Бұл жолы да жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруы тиіс деп көрсетеді. Сұхбатта президент ұлттық идеологияны қалыптастыра отырып, халқымызды ыдарататын емес, біріктіретін жолды таңдап, еліміздің болашағы сапалы ұлттың қолында деп үлкен міндет жүктейді. Әрине, біздің әрқайсымызға бұл үлкен жауапкершілік, міндет деп білемін, сондықтан да саналы да сапалы азамат болуға ұмтылуымыз қажет деп санаймын. 

Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаева, т.ғ.д. профессор м.а.