Өткен жылдың өрнегі

10 қаңтар, 2024

Барыс жылы берекелі жыл болды. Университетте талай айтулы іс-шара өтті. Көптеген халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Соның бәрінде оқытушы ұстаздардың еңбегі ерен. Ұйымшыл ұжымның ісі көпке үлгі. Нәтижесі де көңілден шықпақ. Осы орайда, «Qazaq universiteti» ұстаздарға «Биыл оқу ордасындағы қандай оқиға есіңізде қалды? Жаңа жылдан не күтесіз?» деген сауалдар қойған едік. 

 

Ләйла ҚАДІРСІЗҚЫЗЫ,

химия және химиялық технология факультеті деканының орынбасары

ТОҒЫЗ  ОҚЫТУШЫМЫЗ – ҮЗДІК

2023 жыл біз үшін қарқынды оқу, ғылыми жаңалықтарды ашу және кәсіби тұрғыда ілгерілеудің мезгілі болды әрі біз бірге қол жеткізген бар­лық жетістігімізді мақтан тұтамыз.

Өткен жыл бәріміз үшін үлкен сынақ жылы болды, бірақ соның бәрін адал еңбек пен күш-жігеріміздің арқасында сәтті еңсердік. Университетте көптеген маңызды оқиғалар өтті, көптеген жетістікке жеттік. Ұстаздарымыз әрқашан шабыт пен білімнің қайнар көзі болып қала береді, ал студенттеріміз алдына қойған мақсатына жетуде ерекше жігер мен өршілдік танытты. Факультетіміздің оқытушылары жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға, «Болашақ» халықаралық стипендиясына, «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сондай-ақ еліміздің 80 жоғары оқу орнынан 768 талапкер қатысқан «Үздік ЖОО оқытушысы» байқауында біздің факультеттен жеңімпаздар анықталды. Тоғыз бірдей оқытушымыз биік белестен көрінді. Бұл үлкен жетістік және сол жетістігімізді мақтанышпен айтамыз. Факультет ғылыми конференциялар өткізді, мәдени шаралар ұйымдастырып, білім беру жобаларына қолдау көрсеттік.

Мұның барлығы бір-біріміздің белсенді қолдауымызсыз іске асуы мүмкін емес еді. Жаңа жылда біз көптеген жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерге жол ашамыз. Барлығымыздың қажырлы еңбегіміз бен қажыр-қайратымыздың арқасында біз әлі де өсіп-өркендеп, жаңа асуларды алатынымызға сенімдіміз. Біздің ынтымағымыз жарасса, университетті бұдан да көркейтіп, нығайтамыз.

Жаңа жыл құтты болсын! 2024 жылы сізге мол қуаныш, жаңа жетістік және мықты денсаулық бұйырсын. Әрі ғылыми жаңалығымыз көп болып, ақ тілекті арманымыз орындалсын.

 

Салтанат ҚОНДЫБАЕВА, 
PhD, Экономика кафедрасының аға оқытушысы

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ БЕЛСЕНДІЛІКТІ АРТТЫРАМЫЗ

Жыл ішіндегі нәтижелерді қорытындылау кез келген білім беру ұйымының қызметін бағалау мен дамытуда маңызды рөл атқарады. Біздің Бизнес және экономика жоғары мектебінің Экономика кафедрасы биыл студенттер мен оқытушылар үшін маңызды жетістіктерді көрсетті. Атап айтқанда, курстарды кеңейту және оқыту бағдарламасын жаңарттық. Кафедра жұмысындағы маңызды қадам экономикалық саладағы соңғы тенденциялар мен өзгерістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту болды.

Оқытуда соңғы технологияны белсенді қолдану ісін жетілдірдік. Кафедра оқу үдерісіне жаңа технологияларды сәтті енгізді. Кафедра меңгерушісі, доцент Ғалия Дәулиеваның бастамасымен «Кәсіпкерлік» пәні бойынша онлайн курстың құрастырылуы, интерактивті тапсырмалар мен оқулықтар студенттер үшін оқуды қолжетімді және тиімді етуге көмектесті. Бұл цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытуға оң әсер етті. Осы жылы Экономика кафедрасы ғылыми зерттеулерге белсенді қатысуын жалғастырды. Бұл оқытушылардың беделін көтеруге ықпал етті. Б.Мухамедиев, Д.Рахматуллаева және С.Қондыбаевалардан құралған үздік оқытушы-профессорлық құрам үш ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар Ж.Темірболатова мен А.Қалиева «Жас ғалым» постдокторантура жобасы аясында ізденушілік зерттеу жұмыстарын жүргізуде. «Экономика» бағыты бойынша өткен республикалық студенттік пәндік олимпиадада доцент Г.Андабаева мен аға оқытушы Г.Иляшова жетекшілік еткен студенттер бірінші орынды жеңіп алды.

Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық одан әрі жалғасын тауып жатыр. Кафедра шетел университеттерімен және ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық арқылы өзінің халықаралық беделін нығайтты. 2023 жылы Экономика кафедрасы АҚШ-тың үздік жоғары оқу орны Канзас университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Экономика кафедрасы үшін 2023 жылдың қорытындысы үміттендіреді. Белсенді даму, оқытудағы инновациялар, ғылыми зерттеулер және түлектердің табысты мансаптары кафедраның үздіксіз жетілдіруге және жоғары сапалы білім беруге ұмтылысын растайды. Бұл жетістіктер Экономика кафедрасының болашақта одан әрі табысты дамуына негіз болады.

 

Роман ПЛОХИХ, 
Рекреациялық география және  туризм кафедрасының меңгерушісі

КӘСІБИ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында өткен жылы қол жеткен жетістігіміз, қуанышымыз бен мақтанышымыз жайында бөліскім келеді. Былтыр география және табиғатты пайдалану факультеті, сондай-ақ Рекреациялық гео-графия және туризм кафедрасы, оның ішінде жеке өз басым біршама маңызды әрі қуанышты оқиғалардың куәсі болдым. Ерекше атап өткім келетіні – 2023 жылы біздің факультет 75 жылдығын тойлады.

Факультеттің «Батыс Қазақстан аймағының табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің жасыл даму контексіндегі тұрақты дамуы» мегажобасының бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру және әкімші дәрежесін иелену байқауына ойдағыдай қатысуын маңызды жетістік деп  бағалауға болады. Факультет кафедралары халықаралық конференциялар топтамасын сәтті ұйымдастырып, сан алуан елдердің атақты ғалымдарының назарын аудартты.

Өз басым үшін де өтіп бара жатқан жыл өте маңызды болды: докторантым диссертациясын қорғады, Рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалдым, сондай-ақ 2023 жылдың «ЖОО үздік оқытушысы» атағын иелендім. Өтіп бара жатқан жылмен қоштаса тұрып, алдағы жылдағы жоспарларды ойластыру қажет. Оның ішінде: білім беру бағдарламаларын дамыту және алдымыздағы аккредитация; туризм индустриясының өзекті бағыттарына тиісті жаңа оқу курстарын әзірлеу; оқытудың инновациялық тәсілдерін іске қосу; туризм саласындағы белсенді зерттеу топтары мен жобаларды қолдау; студенттерді тағылымдама мен жобалар арқылы ғылыми қызметке тарту; халықаралық және ұлттық ғылыми конференцияларға қатысу және рейтингі жоғары журналдарда мақала шығару; серіктестік қатынастарды дамыту; кафедраның беделін көтеру және т.б.

Өтіп бара жатқан жылмен мақтаныш сезімімен қоштаса тұрып, келер жылда жаңа міндеттер мен мүмкіншіліктер болатынын білемін. 2023 жыл еңбек және кәсіби жетістіктерге толы болды. Бірге қол ұстасып, түрлі қиыншылықтардан өттік, біздің біріккен еңбегіміз университетімізді білім және дарындылар мекеніне айналдыруда. Жаңа жылда бәрімізге жаңа белестер мен мүмкіндіктер тілеймін. Жаңа жыл қуанышты, берекелі болсын және қызықты жобалар іске ассын!

 

Раушан БАЛҒАБЕКОВА,

Шет тілдері кафедрасының оқытушысы

ШӘКІРТТЕРІМНІҢ ТІЛДІ ЖЕТЕ МЕҢГЕРУІНЕ КҮШ САЛАМЫН

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алу студенттер үшін қандай биік мәртебе болса, университетте Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ізденімпаз, креатив, жан-жақты дамыған студенттерге дәріс беру кез келген ұстаздың арманы. Ағылшын тілін кәсіби деңгейде оқыту – мен үшін басты орында тұрған мәселе. Әрбір студент өз мамандығына байланысты шет тілін жетік меңгеріп, одан әрі қарай дамыта алуына септігімді тигізу үшін үнемі ізденіс үстінде жүру керек екенін білемін. Университетте шет тілдерін кәсіби деңгейде меңгеруге барлық мүмкіндік бар. Студенттердің ағылшын тілін жетік меңгеруіне бар күш-қуатымды жұмсап қана қоймай, жан-жақты болуға тәрбиелеймін. 

Мен филология факультетінің Шет тілдері кафедрасында оқытушымын. География және табиғатты пайдалану факультетінде оқып жатқан Түрікменстаннан келген студенттерге ағылшын тілінен дәріс беремін. Әрине, шетелден келгендіктен, оларға біздің елдің жағдайына бейімделу оңай емес. Сондықтан оларға үнемі барынша көмек беруге тырысып жатырмын. Олар өте еңбекқор, ізденімпаз, өзіме де басқа елден келген студенттерге сабақ беру өте қызық. Сол арқылы мен басқа елдің мәдениетімен және өмірлік ұстанымдарымен танысамын.

Осы уақытқа дейін жиған білімім мен тәжірибемді дәріс беруде қолданып жүрмін. Сабақтарымда ағылшын тілінде эссе жазуды, презентация жасау және оны қорғауды, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуды, грамматиканы сауатты қолдануды, оқуды меңгерту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын.

Мақсатым – білім алушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру. Жыл бойы осыған күш салдым, келер жылы да өзге елдің салт-дәстүрі, мәдениеті мен тілін оқуға ынталандырып, сөздік қорын дамытып, өз ойларын айқын жеткізіп айтуды үйретуге тырысамын.