ҚазҰУ ҚР ҰҚК Академиясымен қос дипломды бағдарламаны іске асырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР ҰҚК Академиясы қос дипломды білім беру аясында бірлескен жобаны іске асыруға кірісті.
Аталған жобаға байланысты ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқару комитеті директорының орынбасары Ахат Мұқашев бастаған ҚР ҰҚК Академиясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында физика-техникалық факультеті мен ақпараттық технологиялар факультеті іске асыратын екі білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды білім беру аясындағы оқу жұмыс жоспарларының жобалары талқыланды.
ҚР ҰҚК Академиясы «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» және «Ақпаратты криптографиялық қорғау» бағытындағы екі білім беру траекториясы негізінде «Ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша оқу жұмыс жоспарын ұсынды.
Ұсынылған жобасы физика-техникалық факультеті және ақпараттық технологиялар факультеті іске асыратын ҚазҰУ-дың аттас екі білім беру бағдарламасы негізінде жасалды. ОЖЖ құрылымы мен мазмұнын тиісті кафедралар мен мамандар қарастыратын болады.
Жобаны дайындау сатысында бағдарламаның мақсаттары мен мазмұны, оқу үрдісін ұйымдастыру, берілетін дәрежелер, оқу мерзімдері талқыланды.
Бірлескен білім беру қызметін ұйымдастыру бойынша әріптес жоғары оқу орындары арасында арнайы келісім әзірленеді.
Келісім қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін міндетті шарттарды қамтиды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі