Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы!

15 қаңтар, 2024

Сіздерді іргелі білім шаңырағының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бәсекеге қабілетті заманауи кадрларды даярлауда көшбасшы университеттің алатын орны ерекше. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі». Университет өзінің тоқсан жылдық белесіне әлемнің озық үлгідегі университеттерімен байланыс орнатқан бірегей білім ордасы ретінде жетіп отыр. Бүгінде оқу ордасы Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып, Ыстамбұл, Бішкек қалаларында филиалдарын ашты.

Кәсіби біліктілік, еңбекқұмарлық пен жауапкершілік сияқты құндылықтар университет ұжымының күнделікті қызметінде көрініс тауып, соның арқасында сапалы білім беру және ғылымды дамытуда мол жетістіктерге жетуде. Осы жылдар ішінде университет өзінің білім қорының бай тарихын қалыптастырып, әлемдік және отандық рейтингтерде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Мұның барлығы университет ұжымы мен профессорлық-оқытушылар құрамының табысты еңбегінің жемісі деп білемін. Білім ордасы алдағы уақытта да мемлекетіміздің сенімді тірегін тәрбиелеу, дарынды жастарымызды бүкіл әлемге паш ету жолында талмай еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдіремін.

Осындай қуанышты күні университет ұжымын мерейтоймен құттықтай отырып, бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге толайым табыс тілеймін!

Құрметпен,

Қазақстан Республикасының премьер-министрі

Әлихан СМАЙЫЛОВ