ҚазҰУ-дың мемлекет тұғырын нығайтуда үлесі зор
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы!
Сіздерді еліміздің көшбасшы университетінің 90 жылдық торқалы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бәріміз үшін киелі шаңырақ болған білім ордасы – Қазақстанның ғылымы, қоғамдық-саяси өмірі мен экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орны. Өз тарихында университет мыңдаған жоғары білікті маман даярлап шығарды. Олардың бірқатары көрнекті ғалым, еліміздің құрметті қайраткерлері, ірі өндіріс және білім беру жүйесі ұйымдарының жетекшілері ретінде қызмет атқарып, республикамыздың мемлекеттік тұғырын нығайту жолында абыройлы еңбек етуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы. Университеттің қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері – Мұхтар Әуезов, Ермахан Бекмаханов, Төлеген Тәжібаев, Өмірбек Жолдасбеков, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар зор үлес қосты. Сонымен қатар университет түлектерінің арасынан көптеген министрлер, Жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор, орталық сайлау комиссиясының төрағасы, парламент төрағасы мен депутаттары болған түлектерімізді мақтан тұтамыз.
Университетте Қазақстанның қарқынды дамуына қажетті мамандар даярлайтын академиктер, профессорлар, ғылым кандидаты мен философия докторлары, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми стипендияның стипендиаттары сабақ береді.
Бүгінде Farabi university ғылым мен білім берудің халықаралық кеңістігінде лайықты орынға ие болып, жоғары білім саласында жетекші университеттердің біріне айналды.
Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!
Сіздің басшылығыңызбен университетіміз келешекте тек елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар беделді білім ұясына айналатынына сенемін.
Университет ұжымына шығармашылық табыс, жемісті еңбек, отбасыларына бақ-береке тілеймін! Білім ордамыздың тұғыры мығым, еңсесі биік болсын! Әрбір бастаған ісіміз табысты болсын!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы,
ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының төрағасы Қайрат МӘМИ