ҚазҰУ-да әлеуметтанушылардың қысқы мектебі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде жас ғалымдардың «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс: зерттеу теориясы мен практикасы» атты халықаралық қысқы мектебі өтті.
Қысқы мектеп университеттің 90 жылдығына және білім ордасының Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге қосқан үлесіне арналды.
Халықаралық мектептің ашылуына философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев және кафедра меңгерушісі, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Гүлмира Әбдірайымова қатысты.
Халықаралық мектеп аясында түрлі зерттеу бағыттары бойынша тренингтер, шеберлік сыныптары мен презентациялар ұсынылды. Мектептің спикерлері ретінде әлеуметтану ғылымының докторы, профессор, Қолданбалы этноәлеуметтік зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова АҚШ университетінде ғылыми тағылымдамадан өту тәжірибесін ұсынды. Әлеуметтану ғылымының кандидаты, Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының директоры Гүлжан Әлімбекова қатысушылармен интерактивті диалогта сапалы зерттеулер жүргізудің практикалық мәселелерін талқылады. Кафедра түлегі, Pitzer College (Claremont, USA) профессоры Азамат Жүнісбайдың «Жеке тұлғадан – кәсіпқойға дейін: бірегейлікті қайта қарау және ғылыми зерттеулер бағдарламасы» тақырыбындағы баяндамасы қысқы мектеп қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.
Әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Мәнсия Садырова ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асырылатын, оқушылардың кәсіби таңдауы бойынша жобаның аралық нәтижелерін таныстырды. PhD Айгүл Мұстафина тұрмыстық зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдармен жұмыс істеу мысалында әлеуметтік жұмыста кейс-менеджментті қолдану практикасын ұсынды. Кафедраның жас ғалымдары, PhD С.Серікжанова мен М.Шынарбековалар «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының «500 ғалым» бағдарламасы аясында UCLA-да (Лос-Анджелестегі Калифорния университеті) шетелдік тағылымдамадан өту нәтижелерімен бөлісті.
Докторанттар мен докторантура бағдарламасы түлектерінің баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды. Атап айтқанда: сыни дискурс-талдау жүргізудің әдіснамалық аспектілері (М.Ақмәди, PhD); әлеуметтік ғылымдардағы ғылымиметриялық деректер (А.Саймасаева, 2-курс докторанты), демографиялық көрсеткіштерді және оларды есептеу әдістерін зерделеу (А.Алданғарқызы, 2-курс докторанты, ЭЖМ магистрі (Ресей).
Халықаралық қысқы мектепке қатысушылар тәуелсіздік жылдарынан бергі әлеуметтану саласындағы тәжірибелер мен академиялық, зияткерлік және ғылыми-зерттеу жұмыстары жаңа бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі