ҚазҰУ мен BI Group серіктестікті дамытады

24 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевпен кездесті.

Жүздесу барысында ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ҚазҰУ қалашығы құрылысының II кезеңін іске асыру жұмыстары сөз болды.

ЖОО басшысы кәсіпкерге құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтып, алдағы жоспармен бөлісті.

«Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да үш жатақхананың құрылысы басталды. Студенттер үйі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Болашақта қалашықта жатақханалар мен оқу ғимараттары, сондай-ақ медициналық орталық салынады. Онда медицина және денсаулық сақтау факультеті мен поликлиника, стоматология орналасатын болады. Бұған қоса, қызметкерлерге арналған тұрғын-жай, инновациялық орталық, IT-хаб, спорттық-сауықтыру орталығы т.б. ғимараттар бой көтереді», – деді ректор.

Өз кезегінде Айдын Рахымбаев BI Group компаниясы жүзеге асырып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында тараптар бірқатар жобаларды жүзеге асыру мақсатында бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі