ҚазҰУ ғалымдарының Үрімжі қаласына жұмыс сапары басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының Қытайдың Үрімжі қаласына екікүндік жұмыс сапары басталды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Қытайға ҚХР білім вице-министрінің шақыртуымен арнайы барды.
Сапар барысында делегация мүшелері Қазақстан мен Қытай университеттерінің халықаралық ғылыми симпозиумына қатысып, баяндама жасайды.
Сонымен қатар ҚазҰУ Қазақстан жоғары оқу орындарының арасында тұңғыш рет Қытайда өзінің ғылыми көрмесін өткізеді. Мақсат – ҚазҰУ ғалымдарының табысты инновациялық жобаларын Қытай ЖОО-ларына кеңінен таныстыру, сондай-ақ нәтижелі ғылыми жобаларды коммерцияландыру, өндіріске енгізу бойынша серіктестер тарту, тәжірибе алмасу. Көрмеге ҚХР Білім министрлігі, екі елдің елшілік өкілдері, Қытайдың 196 университетінің оқытушы-профессорлары мен білім алушы жастары, ғалымдар қатысады деп жоспарланып отыр. Келушілер назарына ҚазҰУ-дағы ең үздік 40 ғылыми-инновациялық жоба ұсынылмақ.
Қытайға жұмыс сапары барысында ҚазҰУ делегациясы Үрімжі қаласында орналасқан жоғары оқу орындарына барып, университет басшыларымен бірқатар кездесулер өткізеді. Жүздесуде тараптар серіктестікті арттыру және ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстарын пысықтайды. Бұған қоса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен және институттарымен ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қояды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі