ҚазҰУ ғалымдары экологиялық таза технологияларды енгізуде

23 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Қазақстандық жылу электр станциясында (ЖЭС) энергия өндірудің экологиялық «таза» технологияларын енгізу» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын азайту. 

Жоба жетекшісі, математика ғылымының докторы, профессор Салтанат Бөлегенованың айтуынша, жаңа жоба жылу энергетикасының өзекті мәселелерін шешуге ықпал ететін болады. Ғалымдар қазақстандық ЖЭС екі сатылы (two-stage combustion) жоғары күлді қазақстандық көмірді жағудың инновациялық технологиясын әзірлеп, ұсынды. Жаңа ақпараттық технологиялар мен 3D компьютерлік модельдеу әдістерінің көмегімен жұмыс істеп тұрған Шахтинск ЖЭО БКЗ-75 қазандығының жану камерасында жылу массасын беру және зиянды заттардың жиналу процестеріне зерттеу жүргізілді.

«Зерттеу нәтижелері нақты электр жабдықтарында отынның жану процестерін оның әртүрлі параметрлеріне әсер етуімен тиімді басқаруға, оттық құрылғыларының  конструкторлық шешімдерін табуға, күлі жоғары көмірді жағудың оңтайлы әдістерін жасауға және атмосфераға зиянды шаң мен газдың шығарылуын азайтуға мүмкіндік береді», – деді С.Бөлегенова.

Ғалымдар атмосфераға көміртегі тотығы СОх және азот NOx қалдықтарын азайтудың оңтайлы нұсқаларын ұсынды.