ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

2 ақпан, 2024

Құрметті журналистер қауымы, баспасөз саласының қызметкерлері!

Сіздерді Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді тұлғалар негізін қалаған қазақ баспасөзі бүгінде елдік мұрат, ұлттық мақсаттың жаршысына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтауында: «Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін», – деп атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің 90 жылдық тарихында қазақ баспасөзінің қалыптасып, дамуына еңбек сіңірген кәсіби білікті журналистер даярлап шығарды.

Бүгінгі күні білім ордасында қазақ журналистикасының ұстаханасына айналған, 75 жылдық тарихы бар «Qazaq universiteti» газеті жарық көріп келеді.

Университеттік басылым 2022 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішінде алғашқы болып республикалық мәртебе алып, еліміздің барлық өңіріне тарай бастады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі оқу орнының тыныс-тіршілігімен қатар, елімізде, әлемде болып жатқан білім, ғылым саласындағы жаңалықтарды жариялап, университеттің қоғаммен байланысын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Ізгі құндылықтарды дәріптеп, ұлтты ұйыстыруда журналистер қауымының еңбегі зор.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін!

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ