Жапониядағы қазақ студентінің өмірі
Мен Пазылбекова Диана Әсілбекқызы, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің “Аударма ісі” мамандығының 4курс студентімін. Қазіргі кезде, Жапонияның Саппоро қаласындағы Хоккайдо университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алып жатырмын. Жапонияға келгеніме екі айдың көлемі болды.Осы аз уақыттың ішінде жапон мәдениетімен біраз танысып,жапон тілі деңгейімнің көтерілгенін байқаймын.
Хоккайдо университетіндегі білім беру жүйесі ұнайды және Қазақстандағы басым көпшілік университтерден айырмашылығы студенттер ағымдағы өзі қалаған пәндерді таңдай алады. Өзім тіл білім жүйесіне қызығатын болғандықтан, жапон тілі,мәдениеті сабақтарынан бөлек, “Issues of learning languages “(Тіл үйренудегі мәселелер), “Understanding and Practicing Language “ (Тілді үйрену және жаттығу) секілді сабақтарды таңдадым. Ол сабақтарда тілді үйренудегі,аударудағы мәселелер және тиімді үйрену,аудару біліміне баса назар аударылады. Сабақтарда теория ғана өтіп қоймай, практикаға(презентация қорғау,жапондық студенттерден интервью алу, жапон тілін үйренуді бастаған студенттерге жапон тілін үйрету және т.б) аса мән беріледі.
Жапониядағы университеттердің тағы бір ерекшелігі, сабақтан бөлек студенттер қызығушылығына байланысты клубтар бар. Мәселен, Хоккайдо университетінде пианино, шаңғы, кендо сияқты әртүрлі 250ден астам студенттік клубтар жұмыс істейді. Өзімнің тіркелген клубтарымның бірі қазақ тіліне аударғанда “Табиғатпен сырласу” деп аталады. Онда студенттер жиналып, Хоккайдоның керемет табиғи жерлеріне саяхат жасайды.Бұл достар табуға және ерекше көркем жерлерге баруға мүмкіндік береді.Алдағы уақытта пианино клубына кіру жоспарда бар.
Хоккайдоның табиғаты керемет деп жиі еститінмін және өз көзіммен көргенде әдемі жер екендігіне көзім жетті. Жапонияның адамдары сыпайы, және қоршаған ортаға құрметпен қарайтындығы қуантады. Дүкендерде тағам өнімдерінің түрі көп болғандықтан, өте ыңғайлы. Осы уақытқа дейін жапон тағамдары ішінен суши мен такояки ерекше дәмді болды, сондай-ақ мен тұратын Хоккайдоның тәттілері, сүт өнімдері ерекше дәмді.
Демалыс күндері шетелдік және жапондық достарыммен жаңа жерлерге барып, жаңа тағамдарды татып көрген ұнайды. Алдағы уақытта, Жапонияның басқа да қалаларына саяхаттауды жоспарлап отырмын. Жапониядағы студенттік өмірім қызықты өтуде. Хоккайдо университетінде білім алу маған үлкен тәжірибе және дамуыма үлкен әсер етіп жатқанына сенімдімін.