ҚазҰУ-ды дамытуда студенттер пікірі ескеріледі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология факультеттерінің студенттерімен кездесті.
Еркін форматта өткен әңгімелесуде оқу ордасының басшысы ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында өтетін шараларға тоқталып, болашақта атқарылатын жоспарлармен бөлісті.
Ректор жастарды сапалы білім алуға және ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Университетте атқарылып жатқан жұмыстар мен ауқымды шараларды таныстырып, ғылыми жобаларға студенттердің белсенді атсалысу қажеттігін атап өтті.
Университет басшысы жас ғалымдар мен белсенді студенттерді ынталандыру мақсатында жастарға әлеуметтік қолдау көрсетудің артып отырғанын да жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен қалашықта әрқайсысы 1080 орынға арналған жатақханалар мен оқу ғимараттары бой көтереді. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында университетте жастарға арналған демалыс орындары, ғылыми орталықтар мен зертханалар салынады. Осы игіліктердің барлығы студенттердің жағдайын жасау үшін іске асырылуда. Сіздер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жаңа Қазақстанды құруда үлкен жетістікке жетулеріңіз қажет», – деді Жансейіт Түймебаев.
Ректор жастарға сапалы медициналық қызмет көрсету, олардың спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейту бойынша тапсырмалар берді.
Жансейіт Қансейітұлы студенттік асханалардың ас мәзірімен танысып, тамақтану жағдайын жақсартуға қатысты білім алушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Кездесуде оқу ордасының басшысы жастардың сұрақтарына жауап беріп, университеттегі жұмыстар студенттердің пікірлерін ескере отырып, тиімді жүзеге асырылатынын баса айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі