ҚазҰУ студенттері «Jas Gala» жастар фестивалінің жеңімпаздары

14 ақпан, 2024

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен Алматы қаласының шығармашыл жастары арасында  «Jas Gala» жастар фестивалі 14-тен аса ЖОО студенттерінің басын біріктіріп, 14-23 желтоқсан аралығында вокал, хореография, мобилография, аспаптық орындау, театр бағыттары бойынша байқау ұйымдастырылды.

Байқаудың негізі мақсаты мен міндеттері:

-           Шығармашыл дарынды және талантты жастардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету және олардың қабілеттері мен мүдделерін дамытуды іске асыру, адамгершілік құндылықтарды, жоғары эстетикалық және интеллектуалдық талғамын қалыптастыру;

-           Қала жастарының және студенттерінің шығармашылық ортасын құру;

-           Жастардың шығармашылығының дамуына моральдық және материалдық жәрдемдесу, көпшілікке танылуына ықпал ету;

-           Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру;

-           Шығармашыл жастардың жұмыстарына ақпараттық қолдау көрсету;

-           Алматы қаласының білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында шығармашылық, оң бағытталған қызметті насихаттау.     Он күнге созылған байқау жоғары деңгейде өтті.  Байқауға қатысу үшін барлығы 23 ЖОО-нан 700-ден астам  студент өтінім беріп, іріктеу, жартылай финалдық кезеңдерден ең мықтылары іріктеліп өтті. Жалпы байқаудың жүлде қоры – 8 000 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар 50-ден 300 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Сол топ жарып шыққан талантты студенттердің арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер де бар. «Аспаптық орындау» номинациясы бойынша ІІ орын заң факультетінің 3 курс студенті Базаршынов Ерасыл, «Вокал» бағыты бойынша 48 қатысушылардың арасынан  жүлделі II орын журналистика факультетінің 3 курс студенті Жеңісханова Сабина, «Үздік тенор дауыс иесі» номинациясын Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3 курс студенті Жеңіс Ермашов, «Король Фальцета» номинациясын физика-техникалық факультетінің 1 курс магистранты Сәбитбек Жәнібек  жеңіп алды.