ҚазҰУ оқытушылары Coursera-ны оқу үрдісіне бейімдеуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ажар Серікқалиева халықаралық стандарттарды білім беру пәніне интеграциялаудағы тәжірибесімен бөлісті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің 20 мыңнан астам студентіне арналған Coursera курстарын ашты.
«Шығыстану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерімен бірге Ажар Серікқалиева Coursera алаңында екі курстан өтті, одан кейін студенттерді «Зерттелетін Шығыс еліндегі заманауи тарихи процестер» пәніне біріктірді.
«Мені әсіресе The Hong Kong University of Science and Technology университетінің және Chinese Politics Part 1 – China and Political Science курстары қызықтырды. Олар Қытайдың саяси құрылымын, сондай-ақ аспанасты елі экономикасының әлемдік процестерге әсерін түсінуге негіз берді. Студенттер бірнеше таңдау сынақтары, эсселер және әдебиеттер тізімін оқу сияқты әртүрлі бағалау әдістерін қолдана отырып, білімдерін тексерудің бірегей мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәжірибенің ажырамас бөлігі Coursera ұсынған бейнеге субтитрлер мен мәтіннің қазақ және орыс тілдеріндегі автоматты аудармасы студенттер үшін қолжетімді әрі оқуға ыңғайлы болды», – дейді оқытушы.
Ажар Ермекқызының пікірінше, Coursera курстарын ҚазҰУ-дың оқу процесіне интеграциялау – бұл жаңа білім беру мүмкіндіктерін ашу ғана емес, дәстүрлі тәсілдермен, сондай-ақ үлгілік оқу бағдарламаларымен шектелген ұлттық шеңберден шығуға мүмкіндік береді.
ҚРҒЖБ министрлігінің бастамасы студенттермен бірлесіп жұмыс істеуде әлемдік білім беру ресурстарына қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
«Бұл инновациялық бағалау жүйесі студенттерге икемді және тиімді оқуға, сондай-ақ оқытушыларға әрқайсысының жеке үлгерімін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе ҚазҰУ оқытушылары мен студенттерінің білім беру тәжірибесін байыта отырып, заманауи технологияларды оқытудың дәстүрлі әдістерімен қалай тиімді ұштастыруға болатынының жарқын мысалы болып табылады», – деді Ажар Серікқалиева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі