ҚазҰУ ректоры білім мен ғылым саласына арналған алқа отырысына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Сапалы білім – сапалы адами капитал» тақырыбында өткен Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен кеңейтілген алқа отырысына қатысты.
Жиынға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев, қоғам және мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев, ЖОО ректорлары, мектеп директорлары, ғалымдар мен ұстаздар қатысты.
«Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласына үлкен көңіл бөліп отыр. Білім беру жүйесіндегі міндеттердің сапалы орындалуы үшін мемлекет тарапынан ауқымды шаралар іске асырылуда. Білім саласын қаржыландыру көлемі 5,5 трлн теңгеге дейін, жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайызына дейін жетті. Барлық деңгейдегі білім беру мекемесіндегі педагогтердің жалақысы соңғы жылдары екі есеге артты. Колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы өсті», – деді Тамара Дүйсенова.
Сөз соңында Тамара Дүйсенова ғылым мен білімді дамытуда, педагогтерді даярлау жүйесін жетілдіру жағын ойластыруға, түрлі саладағы мамандарды дайындауда қос министрлік бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді.
Отырыс барысында Саясат Нұрбек пен Ғани Бейсембаев министрліктің 2023 жылы атқарған жұмыс нәтижелері туралы баяндап, 2024 жылға арналған жоспарларын таныстырды.
Сондай-ақ жиында Нұртөре Жүсіп, Асхат Аймағамбетов, Ақылбек Күрішбаев, Жақсыбек Құлекеевтер сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі