ҚазҰУ-да «Әбілфайыз Ыдырысов» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті
ҚазҰУ-да университеттік «Өнегелі өмір» тағылымнамалық сериясымен «Әбілфайыз Ыдырысов» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға еліміздің белгілі тұлғалары мен жазушылары, БАҚ өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кітап ғалым, қоғам қайраткері, публицист, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың 85 жылдық мерейтойына арналып шығарылып отыр. Оған Әбілфайыз Ыдырысовтың қазақ журналистикасына жасаған қызметін баян ететін мақалалар мен сұхбаттар, замандастар лебізі, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері топтастырылған.
Бар ғұмырын ҚазҰУ-ға арнаған абыз ақсақал ортаға келгенде жиналған көпшілік орнынан тұрып, ерекше ықыласпен қарсы алды. Бүгінгі БАҚ саласындағы майталман журналист, қарымды қаламгер, абыройлы басшы –қазақ журналистикасының тұтқасын ұстап жүрген белді аға буынның бапкері болған ұстаз дәл осы күні шәкірттерімен сағына қауышты. Тұсаукесер рәсімін университет ректоры академик Ғ. Мұтанов ашып, жүректен шыққан жылы лебізін жеткізді. «Бір факультетте жарты ғасырға жуық үздіксіз дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген Әбекеңнің өмірі шынымен де өнегелі. Өнегелі болатыны ол, алдымен, өз отбасында ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиеледі. Балаларының алды мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Сонымен бірге атағы әлемге танылған әйгілі журналистер, қаламгерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлерін, өз саласының білікті мамандарын тәрбиеледі», – деді ректор.
Кездесу Ә. Ыдырысовтың педагогтық қызметіне байланысты фильмнің көрсетілімімен жалғасты. Өз кезегінде сөз алған Ә. Ыдырысовтың досы, танымал балалар дәрігері К.Ормантаев: «ҚазҰУ үлкен тарихи мәселелерге мән беріп отыр. Танымал азаматтардың өнегелі өмірін сипаттайтын тамаша құнды дүниелерді жарыққа шығарып отыр. Бүгінгі тұсаускер майталман журналист-жазушы, ұстаз Ә.Ыдырысовтың өмірі мен шығармашылығына арналып отыр. Ыдырысов әлемімен таныстыратын бұл тағылымды еңбектің студент жастар үшін берері мол», – деген пікірін жеткізді.
Ұлағатты ұстаздың шәкірті, «Қазақ газеттері»ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин: «Әбілфайыз ағамыз –қазақ руханиятына еңбек сіңірген қасиетті Торғай жерінен шыққан үлкен қайраткер. Сол өңір ғұламаларының ілімін іліп, Алматыға келіп, үлкен кеңістікке шығып, бізге дәріс оқыды. Сіздің әрбір дәрісіңіз біздің жүрегімізде осы күнге дейін сақтаулы. Газет-журнал өндірісінде жүргендіктен, Сізді ұдайы есімізге алып отырамыз», – деп ұстаздың тәлімді дәрістері мен оқулықтарын тілге тиек етті.
Ал «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық газеті Алматы бөлімшесінің директоры Қорғанбек Аманжол: «Ағамыз ең демократияшыл ұстаз еді. Темірбек Қожакеев темірдей тәртіп орнатып тұрған кезде Әбілфайыз ағамызды «Алтай ағ»а дейтінбіз. Ағамыздың сабағынабарынша сағына күтіп жүретінбіз. Ағамыздың жүрегі аққу сезімге, адалдыққа толы. Терең болмысы, жан иірімінен таралып жатқан мөлдір махаббаты жарына деген іңкәрлікті білдіреді. Дәл осы көріністі әлі де қаламға арқау етуге болады", – деп ұстазының ерекеше қасиеттерін бағамдап берді. Сондай-ақ, тұсаукесерде ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Б. Жақып, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Ө. Әбдиманұлы және ұстаздың дос-жарандары, іні-қарындастары, жазушы-журналистер сөз алып, лебіздерін білдірді.
Шара барысында сөз алған кездесудің бас кейіпкері – Әбілфайыз Ыдырысов: «Менің ұстаздық қызметім өткен алтын ұям – ҚазҰУ-ым республика емес, әлемдегі ең беделді білім ордасына айналып келеді. Студенттер, сіздердің дәл осы оқу ордасында көп мүмкіндіктеріңіз бар. Мен бүгін өзім туралы тыңғылықты кітап жаздырып, осындай керемет кездесу ұйымдастырған ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтановқа шексіз алғыс білдіремін!» – деп ризашылығын жеткізді.
Кеш соңында университет ректоры ардагер ұстазға университетке сіңірген ерен еңбегі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медалін табыстады. Әсерлі кездесуді жас айтыскер ақын, ҚазҰУ магистранты Амангелді Сейітхан ағаға арнауымен аяқтап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ жиналған қауымға автордың қолтаңбасы қойылған кітаптар тарту етілді.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі