Алтын ұя мектебімізбен қоштасқаннан кейін түлектер алдында ең маңызды міндет – мамандық таңдау тұрады. Әрбір адам өз мамандығын саналы түрде таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі шешкені дұрыс. Сол сияқты мен де мектепті тамамдағаннан кейін еліміздің барлық жоғары оқу орындарын қарап, қызметімен танысып шықтым. Ата-анаммен ақылдастым. Сөйтіп, екі университетті таңдадым. Бірінші таңдауым – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсті. Бүгінде биік белесті бағындырып отырған жақындарымның ішінде де осы оқу орнын аяқтағандары маған ұстаздарының ерекшелігі, жалпы білім алудың, тұлға болып қалыптасудың ерекшеліктері жайлы қызықты деректер айтты. Сөйтіп, осы білім ордасының студенті атануды өзіме мақсат еттім.
Сондықтан да мен еш ойланбастан еліміздің үздік университеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Құжат тапсыруға келген күннен-ақ бұл жерге ғашық болдым. Жоғары мәдениетті орта, толеранттық, көркемдік, жоғары талғам – осының бәрі менің болашақтағы арманымның бастауы осы жерден басталатынын айғақтап тұрғандай. Менің таңдауым «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша география және табиғатты пайдалану факультетіне түсті. Меніңше, бүгінгі күнде «Жерге орналастыру» мамандығы дамыған және сұранысы көп мамандықтардың бірі. Осы салада білім алып, еліме адал қызмет етсем деймін.
Оқуға түскенде өзімнің де, ата-анамның да қуанышында шек болмады. Ұстаздарымның еңбегі мен төккен терімнің ақталғанына риза болдым. Ару қала Алматының, ҚазҰУ-дың студенті атану қандай бақыт!
Университеттің жоғары білікті мамандарды даярлауға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған білімді игеруге деген талпынысына ерекше қуандым. Ғылыми-инновациялық және өндірістік әлеуетке ие екенін көріп, жүрегімде қуаныш пен қорқыныш сезімі туды. Бұл – үлкен жауапкершілік, яғни алдағы төрт жыл мен бар күш-жігерімді оқуға арнасам ғана биік белесті бағындырамын деп түйдім.
Қазір білікті ұстаздар, қайраткер ғалымдар бізге сабақ беруде. Олардың әңгімесін, өмірлік тәжірибесін тыңдау бір ғанибет. Мысалы, Раушан Балғабекова апайымыз ағылшын тілін бізге жалықпай үйретіп жатыр. Шет тілін білу – өте маңызды. Біз де ол кісінің сабағына қуанып барамыз, қуанып қайтамыз. Қара шаңырақ оқу ордасында мұндай ұстаздар өте көп.
Университеттің қоғамдық өміріне де араласып жатырмыз. ҚазҰУ-да көптеген студенттік ұйымдар жұмыс істейді. Әрбір ұйымда өзіндік ерекше шығармашылық атмосфера бар. Оларға қатыса жүріп, өзім көптеген жаңа таныстар таптым. Көл-көсір эмоция, қуаныш мені жақсылыққа бейімдейді.
Бірінші курстан жақсы оқып, жан-жақты дамысақ, біз, ҚазҰУ түлектері, болашақта мемлекетіміздің барлық салаларында жоғары қызмет атқарып, танымал компанияларда еліміздің өркендеуі үшін еңбек ететін боламыз.
Айша МҰРАТҚЫЗЫ, 1-курс студенті