«Философия тарихындағы өмірмәндік мәселелер» тақырыбында интеллектуалдық сайыс
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90-жылдық мерейтойына арналып философия кафедрасының оқытушылары Г.М. Сембаева мен Ж.Н. Казиеваның ұйымдастыруымен 3-курс студенттері арасында «Философия тарихындағы өмірмәндік мәселелер» тақырыбында интеллектуалдық сайыс болып өтті. Студенттер 4 командаға бөлініп өзара сайысқа түсті. Сайыс 3-турдан тұрды, бірінші тур бойынша студенттерге философия тарихы бойынша сұрақтар қойылды. Командалар тапқырлықпен сұрақтарға жылдам жауап беріп таң қалдырды. Интеллектуалдық сайыстың екінші турында белгілі, әлемге танымал философтардың өмірбаянын, еңбектерін, идеяларын, нақыл сөздерін жариялай отырып, философтың өзін табу секілді қызықты тапсырмалар орындалды. Бұл кезеңде де студенттер аянып қалмады. Білген ақпараттарын саралап дұрыс жауап табуға тырысты. Сайыстың 3-ші туры бойынша командаларға философиялық термин беріледі, студенттер осы терминді жан-жақты талқылау арқылы қаншалықты мәлімет білетіндіктерін көрсетуі қажет. Ойынның бұл кезеңі тіпті қызықты өтті, командалар бірлесе жұмыс жасау арқылы өздерінің жиған-терген білімдерін көрсете отырып, әрі ұйымдасқан командалық жұмыстарын көрсетті. Осылайша интеллектуалдық сайыс өз мәресіне жетті. Қатысушылар мен ұйымдастырушылардың ортақ шешімімен «Сансара» командасы жеңіске жетті. Сайыс соңында кафедра меңгерушісі Әсет Абайұлы жалпы философия тарихындағы өмірмәндік мәселелер жайлы өз пікірімен бөлісе отырып командалар жұмысына қатысты өзіндік бағасын берді, студенттерге белсенділіктері үшін алғыс білдірді.»