ҚазҰУ-да Түлектер күнін атап өтті

30 мамыр, 2015

ҚазҰУ-да Түлектер күнін атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл да Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен бұл күн өзіндік сән-салтанатымен өтті.

ҚазҰУ – армандар мен мақсаттар мекені. Ол – елімізге белгілі саясаткерлер, экономистер, белгілі ғалымдар, табысты кәсіпкерлер, тарихшылар мен журналистер дайындаған алтын шаңырақ. ҚазҰУ түлектері күнінде университет қабырғасынан үлкен өмірге жолдама алған мыңдаған шәкірт өз қара шаңырақтарына келіп, бір-бірімен дидарласып, керемет әсермен мерекелі жиынға қатысты.

Жиында кеш жүргізушілері ҚР Жоғары сотының төрағасы, профессор, заң факультетінің түлегі Қайрат Мамидің құттықтау хатын оқыды. Онда: «Құрметті түлектер! Еліміздегі білім ордасының қара шаңырағы атанған бұл университеттен түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттердің Отанымыздың ғылым-біліміне және әлемдік білім саласының дамуына қосқан үлесі өте жоғары екендігі баршаға мәлім. Ғасырға жуық уақытта бұл оқу орынын бітірген сан мыңдаған түлектің еліміздің, мемлекеттің басқару жүйесінің барлық саласында еселі еңбектерімен үздік көрінуде», – делініп, универсиетке және түлектерге деген ақ тілегін білдірген.

Мерекелік салтанаттың ашылу рәсімін ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов: «Біздің бастаманы қолдап отырған университет түлектері биыл төртінші рет бас қосып отыр. Олар қара шаңыраққа құрметтерін көрсетіп, осында білім алған ұстаздарына амандасып, өздері оқыған аудиторияларға барып, өздерінің ұмытылмас студенттік күндерін еске алып, достарымен қауышып, өте бір жақсы қуанышта кездесіп отыр. Университет түлектерінің біздің бастамаға оң көзқарас білдіруінің шарапаты университеттің жақсы дамуына септігін тигізіп келеді», –деп университет түлектеріне ыстық-ықыласын білдірді. Сонымен қатар университет ректоры Ғ. Мұтанов университеттің дамуына айрықша үлес қосқаны үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медалімен филология факультетінің 1959 жылғы түлегі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті Ө. Айтбаев, белгілі жазушылар Қ. Жұмаділов пен Д. Исабеков, философия-экономика факультетінің 1974 жылғы түлегі, «Тұран» университетінің ректоры Ө. Қопабаев, заң факультетінің 1999 жылғы түлегі, Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы, «Бокс бойынша олимпиадалық дайындау» республикалық қазыналық кәсіпорынының директоры Е. Ибраимов және тағы басқа белді түлектерді арнайы марапаттады.

ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы барлық факультеттің Түлектер кеңесін біріктірді. Оның филиалдары Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және шетелдерде бар. Кеште сөз алған философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова: «Университет түлектері қауымдастығы – бұл үлкен күш, теңдессіз бірлік шуағы. Ғылым мен білімді, тәрбие мен өнерді ұштастырып, білікті маман дайындап, ұлттың мақтанышы болар элиталар дайындайтын қасиетті шаңырақтың абыройы қашан да асқақ болары сөзсіз», – десе, химия және химиялық технология факультеті деканы Ердос Оңғарбаев: «Бұл күн университет пен оның түлектері үшін естен кетпес естеліктерге, игілікті істерге, шарапатты шараларға куә болатын, керемет күнге айналғаны сөзсіз. Түлектердің өз ұшқан ұяларын қолдап, жанашырлық танытуы, қаржылай немес материалдық көмек беруі шет елдік университтерде қалыпты жағдай екені белгілі. Шет елдік ЖОО-да түлектер салдырған оқу ғимараттары мен ғылыми зертханалары, олардың атындағы аудиториялардың болуы заңды құбылыс іспетті. Ендеше, осындай үрдіс біздің түлектеріміздің бойында біртіндеп қалыптасатынына сенеміз және соған шақырамыз», – деп ұсыныс тастады.

Түлектер қауымдастығы елімізде бірінші болып мақсатты капитал, эндаумент қорын құруды қолға алғанын ерекше айтуға болады. Алтын ұя университеттегі білім мен ғылымды қолдау мақсатында атаулы шәкіртақылар тағайындап, материалдық-техникалық тұрғыда демеушілік қолдауларын білдірген, университет дамуына өзіндік үлестерін қосқан барлық түлектерге университет басшылығы алғыс білдірді.

2015 жылы ұлттық университет түлектері қатарына үш мың жас түлек қосылғалы отыр. Олардың ішінде студенттік ұйымдардың көшбасшылары, халықаралық көркемөнерпаздар ұйымдарының жеңімпаздары, спорт шеберлері, жас ғалымдар және университеттің қоғамдық өмірінде белсенділік танытқан студенттер бар. 2015 жылғы үздік түлектерді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М. Бүркітбаев арнайы марапаттады.

Кеш соңы қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Жанат Карман, Шахаризат Сейдахмет және ұлттық аспапты этно-рок стиліндегі «Ұлытау» тобы өнер көрсеткен концерттік бағдарламаға жалғасып, әдемі түлектер биіне ұласты.

Түлектер күні кешкілік түлектер балымен жалғасын тапты. Шарада университеттің бітіруші түлектерін құттықтап келген университет ректоры Ғ. Мұтанов жастарға ақ тілегін білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Түлектер балына қатысушы, бітіруші жас түлек М. Ақан: «Университте жүріп көптеген жетістіктерге жеттім. Ал соның шырағы болған, жол бастаушы болған кафедрама, факультетіме, университетіме алғысым шексіз. Қазір бір ерекше тебіреніс үстіндеміз. Мектепте бала едік, бала көңіл ештеңені есте сақтамайды, университет деңгейінде бозбала шағымыздың бақытты күндерін ұмыту мүмкін емес», – деп әсерімен бөлісті.

Сондай-ақ үздік студенттер ректордың арнайы мақтау дипломдарына ие болды. Университтік көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің концерттік бағдарламасы кештің көркін қыздыра түсті.

Баспасөз қызметі