Ұлттық идеямен ұштасқан мейрам

27 ақпан, 2024

Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «...өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Нау­рыз­ды естен шығар­­маған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келе­тін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғыру­дың символы. Сондық­тан төл мере­кеміздің мазмұнын байы­тып, оны барын­ша ерекше­леп, жаңа­ша атап өтуіміз керек. Бұл қа­дам қоғамды ұйыс­ты­рып, ұлттық бірегей­лігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді», – деп, Наурыз мейрамын, яғни жаңа жылымызды жаңа форматта өткізу жөнінде ұсынысын жеткізді.

Наурыздың 2500 жылдық жазбаша тарихы бар екені белгілі. Кезінде Мәшһүр Жү­сіп былай деп жазған: «Қа­зақ­тың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыз­да­ма».

Ағартушы ақын Ғұмар Қа­раш сонау 1919 жылы «Ха­мал (наурыз) басында қазақ ғұр­пынша жаңа жыл кіріп, ескі жыл шығады. Ескі өліп, жаңа тірілгенде өлгенді еске түсіріп, жақсы жағын, қылған жұмыстарын айтып отыру әдет» деп жазыпты. Дәл осы тұста «хамал немесе амал деген не» деген сауалға жа­уап берсек деген ойымыз бар. Наурыз мерекесіне бай­ланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз ай­ты­латынын білеміз. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күн­тізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айы­ның 1-жұлдызы болып есеп­те­леді. Хамал – Тоқты шоқ­жұл­дызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқ­жұлдызы туады. «Нау­рыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенін білдіреді. Қа­зақ­тар бұл күнді «наурыз» демей, «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.

Қазақ ауылдарында ерте­де тайқазан, нарқазан деп аталатын үлкен қазандар болған. Қазан – сонау скиф-сақ, ғұн заманынан келе жат­қан «жеті қазынаның бірі». Қожа Ахмет Ясауи мав­зо­лейіндегі тайқазан – көш­пенді халықтың береке мен бір­лігінің символы. Қазақ­тың ертегі-жырларында ал­тын қазанды іздеу салты кез­деседі. Ертеректе Нау­рыз мейрамында ауылдың тайқазанына әр үй өзінің же­ті түрлі тағам қосып пісіріп әкелген көжесін құятын, сон­да 30-50 тамақ қос­па­сынан жасалған «наурыз­кө­же» немесе «көпкөже» болып шығады. Бұл аспаздық жұ­мыстың бәрін елге қадірлі, ауыл­ға белгілі бәйбіше бас­қарған. Қазанды иесіне қайтарғанда таза ғып жуып, ішіне міндетті түрде піскен тамақ (бауырсақ, тоқаш, ет) са­лып, құлағына ақтық бай­лап қайтарады, әйтпесе «қа­зан өкпелейді», «қазан шам­да­нады» деп ырым қылады. Қазақ арасында екі адам ренжіскенде «өкпесі қазан­дай», «өкпесі қара қазандай» деп айтылатын сөз тіркес­те­рі осыдан шыққаны түсінікті. «Қара қазан, сары баланың қа­мы үшін», «Қара қазан, сары бала, жылап жатыр көп бала» дегеніміз – халық, бұ­қара халық дегеннің бала­ма­сы. Атадан мирас болып келе жатқан қазаннан айы­ры­лу – құт-берекенің қашуы, байлықтан айырылу, оны біреу тартып алса, масқара болғаны деп саналатын.

Қазақ халқы «наурыз­кө­же» атауына ие болған ар­падан көже пісіріп, ауылға дәм таттырған. «Наурызкө­же­ні тойып жесең, жыл бо­йы­на тоқ жүресің» деген түсінік бекер қалыптаспаса ке­рек. Ет пен сүтті негізгі тағам қылған қазақтар бұл көжеге айран, сүзбе қатып, қыстан сақтаған сүр етті қосқан. Наурызкөже дайын­дау әді­сін­де аймақтық ерек­шелік­тер байқалады, арпа, ағар­ған, сүр ет қазақ жерінің бар­лық өңіріне ортақ болса, батыста, Сырдың төменгі ағы­сы бойында жүгері, та­ры, оңтүстікте маш, бұршақ, кес­пе қосады. Жетісудың шы­­ғыс бөлігінде «көпкөже» дейді.

Қорыта айтқанда, мұсыл­ман халықтарының тұрмы­сын­да ислам дінінен бұрын байырғы зороастризммен бірге сіңген, тамырын те­рең­нен тартқан бұл мереке халықтың салт-санасында, тарихи санамызда берік орныққан. Сондықтан қазақ халқы басынан қанша жау­гер­шілік, ашаршылық жыл­дар­ды өткерсе де, Наурызды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізген. Мұндай мейрам­дар – ұлттық идеямен ұшта­сып жататын ұлттық сананың бір көрінісі деп есептейміз. Кезінде Алаш арыстары Нау­рызды барынша на­си­хат­­тап, елін езгіден алып шы­­ғып, ұлттың рухын көтер­мек­ші болды. Енді егемен ел болғанда, Ұлыстың ұлы кү­нінің халық жадынан ұмы­тыл­ған сыры мен қырын қайта жаңғыртып, Пре­зи­ден­тіміздің сұхбатында ай­тыл­ғандай, төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту жолында жұмыс атқару бүгінгі күннің басты талабы деп санаймыз.

Айша БЕГАЛИЕВА,

 ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы