Студенттік "БІЗ" театры қайта жанданды
Студенттік "БІЗ" театры 2006 жылы құрылып, театр 2007 жылы сәуірдің 4 күні "Адаспаңдар!" атты қойылыммен тұсауы кесілген болатын. Содан бері "Той", "Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!", "Бағдаршам" және "Ол көктем оралмайды", "Миллион раушан гүл" атты қойылымдарды сахналап үлгерді. Оның артынша "Әпке" пьесасымен көрермендерін қуантқан еді. Уақыт өте буын алмасып студенттік "БІЗ" театры Ғалымжан Сайлаубеков, Нұрхан Кәдірбаев, Досхан Жылқыбай, Есенгелдиев Сәкен, Тілес Қанат сынды жетекшілер режиссерлік етіп труппаларымен қойылымдар қойып жүрді. Қазіргі таңда университетіміздің 90- жылдық мерейтойы қарсаңында АРТ-орталықтың бастамасымен студенттік театр қайта жұмысын жандандырып көрермендерімен қауышпақшы. Қанат Жүнісовтың "Ғашықтар хикаясы" атты қойылымын жаңаша нұсқада қойуды жоспарлауда. Ә дегеннен әуелеген шабытты ән көз алдымызға кешегі күндердің елесін шақыра берген. Театр актері мамандығын таңдаған төрт студент жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Олардың біреуі бірінші курста оқыса, қалғаны – жоғары курстың "тіс қаққандары". Бір қызығы, Тұрсынбек «балмұздақ» болса да, аузын ашып, аңқиып жүрмейді, алып-ұшып, ағаларының көңілінен шығып тұрады. Жоғары курстағы үшеудің екеуі екі аруға ғашық. Оларға сезімдерін жеткізудің амалын іздейді. Болашақтары туралы білгілері келген қыздарды балгермен кездестірмекке бөлмелеріне шақырады. Осылай өрбіген оқиға барысындағы қызықты сәттер сахнада көрініс табады. Алдағы уақытта студенттік өнер ұжымы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген һәм классикалық қойылымдарды сахналауды жоспарлап отыр.
Қанат Тілес,
Студенттік «БІЗ» театрының режиссеры