ҚазҰУ-да мұнай-газ саласының сарапшы маманы тәжірибесімен бөлісті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Орталық Азия және Ресей бойынша СNPC корпорациясының президенті Биан Дыжи «Қазақстандағы CNPC Қытай-Қазақстан қатынастары мен мұнай-газ қызметіне қол жеткізу» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты жиналған қауымға таныстырып, білікті маманның еңбек жолына тоқталды.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, докторантураның ғылыми жетекшісі Биан Дыжы қазіргі уақытта Орталық Азия мен Ресей бойынша CNPC президенті. Халықаралық мұнай-газ ынтымақтастығы саласында 27 жылдық тәжірибесі бар маман «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ атқарушы директоры және бас директорының орынбасары, CNPC шетелдік зерттеулер орталығының директоры, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы және т.б. лауазымдарын атқарған.
Профессор Биан Дыжы II дәрежелі «Достық» орденімен, «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» медалімен марапатталған.
Кездесу барысында Биан Дыжы мырзаға «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
Спикер университет басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, Қытай мен Қазақстан арасындағы мұнай-газ ынтымақтастығының жетістіктері туралы айтты. «Мен Қазақстанға 1997 жылы келген мұнай және газ саласындағы алғашқы қытайлық мамандардың бірімін. Осы салада алғашқы бірлескен жобаларға жетекшілік жасадым. ҚазҰУ-ға бірнеше рет келіп, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алдым. Биыл университет 90 жылдығын атап өтуде. ҚазҰУ өзінің қызмет еткен жылдарында мемлекеттік басқаруға, ғылымды, мәдениетті дамытуға және Қазақстанның заманауи бизнесі мен экономикасын қалыптастыруға зор зияткерлік үлес қосатын мыңдаған ғалымдар мен көрнекті қайраткерлерді тәрбиелеп шығарды», – деп атап өтті спикер.
Профессор Биан Дыжы өз баяндамасында кен орындарын барлаумен, мұнай мен мұнай өнімдерін сатумен және шикізатты Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына жеткізумен айналысатын CNPC компаниясының қызметі туралы айтып, мұнай-газ саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі