Жеткен жетістіктерімізде ұстаздардың үлесі зор
Қадірменді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, ҚазҰУ түлектері!
Барлығыңызды іргелі оқу ордасының 90 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
ҚазҰУ десе, журфак десе, №5 жатақхана десе, жүрегі елжіремейтін журналист жоқ шығар, сірә. Университет қалашығында өткен күндер жайраңдаған жастықтың ғана емес, аудиториядағы ұлағатты дәрістердің де куәсі. Студенттік өмір бойымызға білім нәрін құйған ұстаздармен де бағалы. Журналистиканың әліпбиін үйреткен Тауман Амандосов, сатира жанрының қыр-сырына қанықтырған Темкең – Темірбек Қожакеев, «бір туған» филфактан келіп дәріс оқыған Алма Қыраубаева, Жанғара Дәдебаев, журфактың марғасқалары Әбілфайыз Ыдырысов, Абдулхамит Мархабаев, Файзолла Оразаев, Намазәлі Омашев, Марат Ысқақов, Әшірбек Амангелдиев, Серікқали Байменше, Бауыржан Жақып, Амантай Шәріп сынды ұстаздардың еселі еңбегін мерейтой қарсаңында айтуға тиіспіз. Журналистика саласында белгілі бір жетістікке жетсек, онда ұстаздарымыздың үлесі бар.
ҚазҰУ-дың қашанда абыройы асқақ, мәртебесі биік болсын!
Ғабит МҮСІРЕП,
«Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты