Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегіне 40 жыл толуына орай конференция өтті
ҚазҰУ-да университет жанындағы Олжас Сүлейменов ғылыми-зерттеу орталығы мен «Олжас кітапханасы» баспа үйінің ұйымдастыруымен әйгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегінің жарыққа шыққанына 40 жыл толуына орай конференция өтті.
Конференцияны университет ректоры Ғалым Мұтанов ашып, кітаптың жастарға берер тәлімінің мол екенін атап өтті. Өз кезіндегі саяси келеңсіздіктің кесірінен көп сынға ұшырап, кітаптың шығуына тыйым салынған тұста авторды ұлтшыл деген айыппен замана қысымына салып, кітаптың жарыққа шығуына көп кедергілер жасалған болатын. Түркіжәне славян халықтарыныңежелгі жазба ескерткіштеріне арналған бұл кітапты, белгілі мәскеулік сыншылар мен ғалымдар талқыға салып, арыз-шағымдары мен қарсы сын пікірлерді жаудырған. Дегенмен Д. Қонаевтың қатысуымен іс оң нәтиже көрсеткен. Бірақ қанша сынға ұшырағанымен, ақын Олжас Сүлейменовтің бұл кітабы,уақыт өте келе мойындалып, өз бағасын алды. Ол туралы ғылыми диссертациялар қорғалып, кейбір көне тарихи сөздеріне берген түсініктемелері ғылымға енгізілгені баршамызға белгілі.
Жиында Мұрат Әуезов кітаптың қырық жыл толуына орай авторды құттықтап, кітаптың шығу тарихын әңгіме ете отырып, оның жарық көрген күнін халқына қуанышпен сүйіншілегенін ерекше еске алды. Мінбеге шыққан Олжас Сүлейменов өткен күндердің естеліктерімен бөлісіп, артта қалған қиын күндер мен еңбек жолдарынан сыр шертті. Кітап турасында риясыз әңгіме қозғап, қазақ елінің тарихының сонау тереңде жатқанын және түркі дәуірінен бастау алатынын дәлелмен жеткізді. Жастарға еңбек жолында аянбау керектігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде сөз алған ақын Ұлықбек Есдәулетов өз аудармаларынан Олжа Сүлейменов өлеңдерін оқып, ақынның өмір жолындағы елеулі еңбектерін атап өтті. «Аз и Я» кітабының Қазақстан мен Рессейде және бүкіл әлемде қандай ой-пікір тудыратыны туралы оқиғаларды өз көзімен көрген ақынның дос-әріптестері де өз естеліктерін ортаға салды. Сонымен қатар конференцияда «Олжас кітапханасы» баспа үйінің директоры Сафар Абдулло, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д., У. Қалижанов, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Х. Әбжанов, ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д., жазушы А. Жақсылықов, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, публицист С. Құттықадам, А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры М. Малбақов, ақын, аудармашы, баспагер Б. Қанапьянов, ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Ж. Дадебаев, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., С. Ананьева және әдебиеттанушы, жазушы Б. Жылқыбаев сөз сөйледі.
Сондай-ақ жиында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттері ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, кітап турасында шағын қойылым қойды. Сөз соңында Олжас Сүлейменов оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.
Кезінде барлық Шығыс елдерінің рухын асқақтатқан Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы оқырмандар сұранысын арттырып, өзінің парасаттылығымен әлемге танылды. Өмір ағысына қарсы жүзген бұл кітап бүгінде ең танымал кітаптар көшін бастап тұрғанын ескерсек, автордың бұл кітабының қазақ мәдениеті үшін орны ерек екені даусыз.
Баспасөз қызметі