Шетелде қазақ тілін оқыту тәжірибесі
20 ақпан 2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасы Қытай Халық Республикасы Шанхай шет тілдер университетінің оқытушысы ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ақымбек Съезд Шардарбекұлымен «Шетелде қазақ тілін оқыту тәжірибесі» атты семинар-тренинг өткізді. Мақсаты – шетелде қазақ тілін оқытудың тәжірибесімен бөлісу.
Shanghai International Studies University (SISU) 60 ел мен аймақтағы 400-ден астам ЖОО-мен, ғылыми-зерттеу институтымен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. Соның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен 2017 жылы 24 қыркүйекте келісімшарт жасасып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылған болатын. Сол жылдардан бері 10 түлек осы мамандықты игеріп, жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда 6 студент білім алып жатыр. Оның 4-і Әл-Фараби университетінде академиялық ұтқырлық бойынша оқып жатыр.
Съезд Шардарбекұлы ұлты ханзу студенттеріне қазақ тілін үйретудің оңай еместігін, тек фонетика мен фонология саласына біраз уақыт жұмсайтынын, кейбір дыбыстың (мысалы, р) жоқ екенін, оны меңгертудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Арнайы жасалған білім беру бағдарламасы шет тілдерді меңгертудің әлемдік стандарты негізінде қатаң сүзгіден өткізіліп барып, бекітіледі екен. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдаған студенттердің табандылығы, қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы жастайынан бойларына сіңірген қасиет екенін айтты. Сол елде жұмыс істеген 5 жыл ішіндегі нәтижесі ретінде қытайлық студенттердің қарым-қатынас жасау, сөйлеу мәнерін бейнебаян арқылы көрсетті. Студенттердің тілдері жатық, кез-келген сұхбатқа еркін түсе алады. Өз ойларын жүйелі жеткізе біледі.
Жалпы, семинар-тренинг қазақ тілді мамандар арасында қызығушылық тудырды, онлайнға қосылған әріптестер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып жауап алып жатса, кейбіреуі өз тәжірибелерімен бөлісіп, жазған оқу құралдарын ұсынып жатты.
С.М. Иманқұлова, ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы .