ҚазҰУ Индонезия ғалымдарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға профессор Ахмад Аффанди Махфудз бастаған Даруссалам Гонтора университетінің (Индонезия) делегациясы жұмыс сапарымен келді. Қонақтар университет басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Кездесуде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева екіжақты байланыстардың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі күні ҚазҰУ Индонезияның төрт жоғары оқу орнымен: Индонезия университетімен, Джокьякарт мемлекеттік университетімен, Сұлтан Сяриф Касим атындағы мемлекеттік ислам университеті және Даруссалам Гонтор университетімен серіктестік орнатқан. ҚазҰУ-да дәріс оқу үшін және PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік ету үшін индонезиялық жетекші ғалымдар тартылады.
2021 жылғы 21 қазанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Индонезиядағы Сұлтан Сяриф Касим атындағы мемлекеттік ислам университетінің ректорымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
2023 жылдың 10 қарашасында ректор Фахми Хамид бастаған Даруссалам Гонтор университетінің делегациясы ҚазҰУ-да болды. Кездесу барысында бакалавриат пен докторантурада және т.б. қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Нәтижесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қосымша қол қойылды.
«2022-23 жылдары академиялық ұтқырлық аясында біздің университетке Индонезия жоғары оқу орындарының екі профессоры келді. Қазіргі уақытта Индонезиядан тоғыз студент ҚР стипендиялық бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да оқиды. Біздің байланыстарымыз жыл сайын нығайып келеді. Бүгін біз исламдық қаржы саласындағы қосдипломды бағдарламаны іске асыруға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге баса назар аудара отырып, қосдипломды білім беруді дамыту перспективаларын талқылай аламыз деп ойлаймын», – деп атап өтті проректор.
Өз кезегінде профессор Ахмад Аффанди Махфудз ұжымды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Даруссалам Гонтор университеті 100 жылдық мерейтойына жақындап қалды. Тарихы бай екі білім ордасының ынтымақтастығы жемісті болып, бірлескен жобалар нәтижелі іске асырылады деп үміттенеміз. Атап айтқанда, біз Малайзия, Түркия және басқа елдердің жоғары оқу орындарымен сәтті сыналған қоғамдық сервис бағдарламасын енгізуді ұсынамыз», – деді Ахмад Аффанди.
Кездесуден соң Индонезия делегациясы болашақ бірлескен бастамаларды талқылау үшін ғалымдармен, факультет декандарымен пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі