ҚазҰУ-да «Физхимик-2024» халықаралық олимпиадасы өтті

29 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде университеттің 90 жылдығы аясында профессор Х.К.Оспанов атындағы «Физхимик-2024» халықаралық олимпиадасы өтті.

Олимпиадаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, сондай-ақ Ишеналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің (Бішкек қ. ҚМУ) 3-4 курс студенттері қатысты. Олимпиаданың ашылуында химия және химиялық технология факультетінің деканы, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Галеева А.К., Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.д., профессор Әубәкіров Е.А., Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының доценті Түсіпбекова А.С. және олимпиада демеушілерінің бірі,  «ALEMTRADE» ЖШС директоры – магистр  Қазақбаев С.Т. сөз сөйлеп,  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Олимпиадаға өз университеттерінің қабырғасында іріктеу кезеңінен өткен студенттер қатысты. Олимпиада онлайн форматта өтіп, екі турдан тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Физикалық химия» курсының химиялық термодинамика және химиялық кинетика бөлімдері бойынша тест тапсырды. Тестілеу «Kahoot» білім беру платформасында өткізілді. Екінші кезеңде қатысушылар физикалық химия саласындағы когнитивті, функционалдық және жүйелік құзыреттерді анықтауға бағытталған әртүрлі күрделіліктегі үш есепті шешуі керек болды.

Олимпиадаға қатысушылардың жұмыстарын біздің университеттің, сондай-ақ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің жетекші оқытушыларынан тұратын қазылар алқасы тексерді. Қазылар алқасы жұмысының нәтижелері бойынша келесідей жеңімпаздар анықталды:  I дәрежелі дипломмен студент Еркешов Мақсат (ҚазҰУ); II дәрежелі дипломмен – Ілияс Сұлтан (ҚазҰУ), Мұқанов Асқар (ҚазҰУ), Фишер Татьяна (ҚарУ); III дәрежелі дипломмен – Полякова Виктория (ҚарУ), Бақытжанова Жансая (ҚарУ), Бауыржанұлы Азиз марапатталды (ҚазҰУ).  Сондай-ақ жақсы нәтижелері үшін келесі студенттер: Дуйшеналықызы Айпері (ҚМУ, Бішкек қ.), Нұрмаханбет Азат (ҚазҰУ), Жаңбырбаева Дариға (ҚарУ, Қарағанды қ.), Карташева Эрика (СҚУ, Петропавл қ.), Жабина Алина (СҚУ) марапатталды.

Олимпиадаға «ALEMTRADE» ЖШС және профессор Х.К.Оспановтың немересі Акбар Ермековтің «PAfoS.AI» (Predictive Analytics for Science) компаниясы демеушілік жасады.

Жеңімпаздар ақшалай сертификаттарға ие болды: I орын үшін – 100 000 теңге, II орын үшін – 75 000 теңге, III орын үшін – 50 000 теңге; көтермелеу жүлделері 10 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін тапсырылды.

 

Олимпиаданы ұйымдастыруға және өткізуге Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының оқытушылары, докторанттары мен студенттері белсенді атсалысты.

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының профессоры

Гүлзия СЕЙІЛХАНОВА