1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары мен түлектері!
Сіздерді көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген ең ізгі мерекеміздің бірі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – Қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің халқымызға үлкен тағзымының белгісі.
Ғылым мен білімнің, адамгершілік пен ізгілік насихатшысы, ғұлама ғалым әл-Фараби «Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек» деп тұжырым жасаған.
Дана Абайдың «Толық адам» тұжырымы да «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» қағидасынан бастау алады.
Бүгінгі жаңа, әділетті Қазақстанның басты ұстанымы да әділет пен ізгілікке негізделген.
Алғыс айту – ризашылық сезімін білдіру ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлім-тәрбие жемісі, жанашырлықтың, ынтымақ пен бірліктің айқын нышаны.
Ізгі қоғамды қалыптастырып, еліміздің кемел келешегіне қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеуде оқытушы-ғалымдарымыздың, ардагер ұстаздарымыздың еңбегі зор.
Көшбасшы университетімізде шаруашылық, өндірістік бағытта жұмыс атқарып жүрген қызметкерлеріміз де білім ордасының дамуына елеулі үлестерін қосып отыр.
Қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектеріміз де биыл 90 жылдық белеске көтерілген ҚазҰУ-дың жаңа келбетін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз халықаралық ғылыми байқауларда, өнер жарыстары мен әлемдік спорттық додаларда топ жаруда.
Бүгінгі мерекеде баршаңызға айрықша алғыс айтып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.
Жақындарымызды бағалап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!
Тәуелсіз еліміздің береке-бірлігі бекем болып, абырой-даңқы арта берсін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ