ҚазҰУ-да «Русский язык и культура» орталығы ашылды
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Русский язык и культура» орталығының ашылу салтанаты болып өтті.
Жиынға «Руский мир» қорының атқарушы директоры Кочин Владимир Вячеславович, Ресей Федерациясының елшісі Переверзева Ирина Владимировна, Алматы қалалық тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттамалар бөлімінің бастығы Ахетов Мамай Қаниұлы сынды белді қонақтар қатысты.
Өткізілген шараның негізгі мақсаты: жастардың орыс әдебиетіне, орыс тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, таным көкжиегін кеңейту, әлем тілдері қатарында орын алатындығын ескере отырып, білікті мамандар қатарын көбейту.
Әлеуметтік даму ісі жөніндегі проректор Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы, шетел филологиясы кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова мен Кочин Владимир Вячеславич ресми түрде орталықтың ашылғандығын айқындай түсу үшін қызыл лента кесті.
Сондай-ақ, жаңа бастама толағай табыстар мен жемісті еңбектің тек нәтижесі болсын деген игі тілекпен қазақтың «шашу» салты да көрініс тапты.
«Бұл жобаның қолға алынып, жүзеге асқаны бәріміз үшін қуаныш.Аталмыш орталықтың ҚазҰУда ашылып отырғандығының өзі белді университеттің мерейін тағы бір үстем етті» ,-дейді орталық директоры.
«Елбасымыз айқындап берген үштұғырлы тіл саясаты мемлекетіміздің әлеуетін көтеретіндігі бәрімізге мәлім. Алматы қаласының жанынан біз Славян жазуларының күндерін, Пушкин және Шевченко оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Қазақстанда орыс тілімен ешқашан ешқандай қиындықтар болған емес»,-деді Мамай Ахметов.
«Ашылып отырған «Русский мир» орталығы - бұл халықтар арасындағы достықтың белгісі болып табылады.Қазақстан мен Ресейдің ортасын байланыстыратын көпір», деп оң бағасын берген факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлы бұдан кейін де орталықтың қызу жұмыс атқаратындығына сөз берді.
Сонымен қатар кеште, Малшы Мөлдір, Дауталиева Сания, Верещак Жанна сынды студенттер жүрегінен шыққан шыр шумақтарын оқып, көптің қошеметіне бөленді.
Баспасөз қызметі