БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағы берілді

15 маусым, 2015

Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» атты V съезі және ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі аясында білім беру, ғылым, мәдениет пен тұрақты даму салаларындағы бастамаларды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар өтті.

Астанадағы БҰҰ жаңа ғимаратын ашу салтанаты барысында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағы берілді. Дипломмен марапаттау салтанатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өткізді. Сондай-ақ ол бейбітшілік пен келісімге, БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа қосқан сүбелі үлесі үшін құрметті қонақты Әл-Фараби Үлкен алтын медалімен марапаттап, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Достары» халықаралық клубының құрметті мүшесі сертификатын табыстады.

«БҰҰ-ға үлкен қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне, үкіметі мен халқына алғыс айтқым келеді. Бүгін Қазақстанда БҰҰ-ның жаңа үйін ашу, сонымен қатар елдің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маған ғана емес, БҰҰ-да жұмыс істейтіндердің бәріне берілген атақ деп есептеймін. Олар әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің алға жылжуына үлкен үлес қосып жатыр», – деді БҰҰ басшысы құттықтау сөзінде. Ол университеттің 2012 жылы өзі ұсынған «Академиялық ықпал» бағдарламасының белсенді қатысушысы екендігін баса айтты. Осы тұрақты даму бойынша БҰҰ жаһандық хабын ҚазҰУ басқарған аз уақыт ішінде бұл бағдарламаның жүзеге асуы үшін көптеген іс атқарылды.

«Осыдан көптеген ғасырлар бұрын ұлы ойшыл әл-Фараби үлкен мақсатқа жеке дара жету мүмкін еместігін, тек басқалармен ынтымақтаса отырып жетуге болатындығын айтқан екен. Сіздердің университеттеріңіздің 80 жылдық бай тарихы бар, ал БҰҰ өзінің 70 жылдығын атап өтуде. Біз жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтау қағидаларын бірге ұстанып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың көпірін салуымыз керек», –деді Пан Ги Мун.

Шара барысында ТМД университеттерінің даму тарихында тұңғыш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған «Academic impact» тұрақты даму бойынша БҰҰ бағдарламасының жаһандық хабын басқару сеніп тапсырылғаны атап өтілді. Бұл бағдарлама бүгінде әлемнің 900 университетінің басын біріктіреді. Олардың әлеуеті адам құқы, сауаттылық, тұрақты даму мен шиеленістерді шешуге арналған БҰҰ-ның әлемдік деңгейде мойындалған он қағидатын белсенді қолдауға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұрақты даму бойынша UNAI жаһандық хабы ретінде ғылым мен білім беру саласы өкілдерін адамзаттың әлемдік мәселелерін шешу, экология мен қоршаған ортаны қорғау жолдарын іздестіру үдерісіне белсенді тартуда. Университет тұрақты даму идеяларын алға жылжыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде, энергияның альтернативті және жаңартылатын көздері бойынша зерттеу жүргізеді және жобалар дайындайды. ҚазҰУ – Рио-де-Жанейрода өткен «RIO+20» БҰҰ Бүкіләлемдік саммитінде секция жұмысын басқару және Елбасы Н.Назарбаев бастамасын қолдау мақсатында «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» жобасын таныстыру мәртебесі тапсырылған ТМД ЖОО-лары ішіндегі жалғыз университет. Университет Астана экономикалық форумы аясында әлемнің жетекші ғалымдарының қатысуымен өткен III Азия университеттері форумының ұйымдастырушысы болып табылады.

Жуырда Сеулде (Оңт.Корея) өткен БҰҰ-ның академиялық ықпал бойынша екінші форумында БҰҰ жұмысына және мыңжылдықтың сын-қатерлерін шешуге зияткерлік үлес қосу мақсатындағы UNAI академиялық ұтқырлық хабтарының қызметтері қорытындыланды. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметіне жоғары баға беріп, оны тұрақты даму және жасыл экономика мәселелері бойынша мақсатты жұмыстың үлгісі ретінде атап өтті. ҚазҰУ-дың UNAI жаһандық хабы ретіндегі ірі бастамалары ішінен университеттердің тұрақты дамуының үлгілік жоспарын даярлау, тұрақты даму мәселелері бойынша G-Global пікірталас алаңын құру және тұрақты жүргізу, ҚазҰУ базасында «Model United Nations- New Silk Way» Халықаралық студенттік бастамасын жүзеге асыру сынды жобаларды ерекше атап өтуге тиіспіз.

Баспасөз қызметі