ҚазҰУ-да Өмірбек Жолдасбековтің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұрынғы ректоры, академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына – 93 жыл.
Осы күнге орай, оқу ордасының оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері, Өмірбек Арысланұлының ұрпақтары, шәкірттері мен замандас-достары академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар университеттің дамуына, еліміздегі білім мен ғылымның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаны еске алды.
Өмірбек Жолдасбеков 1954 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін үздік тамамдаған. Кейін Қазақ технологиялық институтында оқытушы, аға оқытушы, механика факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 1961 жылы Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын бітіріп, аталған оқу ордасында оқытушы болып еңбек етті. 1962-64 жылдары Қазақ политехникалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, кейін 1970 жылға дейін оқу ісі жөніндегі проректоры болып абыройлы жұмыс істеді. 1970-86 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болды. ҚазМУ қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа факультеттер мен кафедраларды ашты. Өмірбек Арысланұлының ашқан ғылыми жаңалықтары, ізденіске толы еңбектері Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми ортада да кеңінен мойындалды.
Оқу ордасында дәстүрлі түрде өтіп тұратын шарада ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева сөз сөйледі.
«Өмірбек Арысланұлы – ҚазМУ-ды 16 жыл басқарып, отандық ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Өзінің еңбек жолында көптеген шәкірттер тәрбиелеп, 400-ден астам ғылыми еңбек жазды. Ол кісінің ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Академиктің өмір жолы, сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге», – деді проректор.
Өз кезегінде Өмірбек Жолдасбековтің замандас әріптестері мен шәкірттері сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі