ҚазҰУ-да тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық симпозиум өтті

22 маусым, 2015

ҚазҰУ-да «Жаңа Жібек жолы – тұрақты даму және жалпы өркендеу» атты халықаралық симпозиум болып өтті.

Аталмыш шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды мемлекеттердің дипломатиялық миссия өкілдері, Қытай Халық Республикасының консулдығы, халықаралық БҰҰ, ЮНЕСКО ұйымдарының көрнекті ғалымдары мен сарапшы мамандары қатысты.

Симпозиум ынтымақтастықтың тереңдетілген және нығайтылған жаңа түрі әрі тұрақты даму мен өркендеудің негізгі факторы ретіндегі Жаңа Жібек жолын құруға қатысты өзекті сұрақтарды талқылау үшін диалогтық алаңға айналды.

Жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Өтіп жатқан бүгінгі аса маңызды іс-шара қазақ елі мен алпауыт мемлекет Қытай Жібек жолы экономикалық аймағын құрудағы серіктестік нарықтық және өндірістік инфрақұрылымның өрістеуіне, ел экономикасының қарқынды дамуына, білім және ғылым салаларының озық технологияларын меңгеруге жол ашады»,- деді.

Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының консулы Чан Ги Ми: «Бүгінде Жібек жолының экономикалық аймағы екі ел арасындағы саяси тұрақтылықтың негізі деуге болады. Екі жақты келісілген серіктестік экономикалық, ғылыми-гуманитарлық және саяси жүйе дамуының кепілі»,- дейді.

«Бір аймақ және бір жол» – ортақ даму, гүлдену, ынтымақтастық пен екі жақты табысқа жеткізер жол. Бастама бейбітшілік пен ынтымақтастық, ашықтық пен төзімділік идеяларын, өзара тиімді серіктестік және тәжірибе алмасуға негізделген.

Симпозиумда өз кезегімен сөз алған Қазақстанның Қытай Халқы Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әуезов Мұрат Мұхтарұлы Ұлы Жібек жолы тарихымызда ерекше орын алатындығын баса айта отырып, ел экономикасының қарыштап дамуына жол ашатын бір ден бір жол деп көрсетті.

Қытай тіл кафедрасының Мұхаметханұлы Набижан «Бір белдеу, бір жол және нұрлы жол» атты баяндамасында: «2013жылы 7-ші қыркүйекте Қытай президенті Қазақстанға (Назарбаев университетіне келген сапарында) «Жаңа Жібек жолы» турасында халықаралық және аймақтық күн тәртібінің мәселелері бойынша пікір алысқан болатын. Ал оның негізгі бағыты инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Мұндағы басты идея экономикалық факторлардың еркін айналымға түсуі. Яғни, ең негізгі принцип ортақ жеңіске жету деп аталады. Атап өтер болсақ, біріншіден, бұл стратегиялық геосаяси одақтастық емес. Екіншіден, шағын көлемде тұмшаланған емес, керісінше кең көлемдегі процестерді жүзеге асырады.Үшіншіден, ынтымақтастық ортақ жеңіске жету мақсатын алға тартады» деген пікір білдірді.

Қазіргі жағдайда бейбітшілік, келісім мен тұрақты экономикалық дамуды сақтау мәселелері аса өзекті. Себебі олар – мемлекет пен әлемнің тұрақты дамуының нақты кепілі. Бұл өзара түсіністік пен сенімнің, көп қырлы ынтымақтастық пен достықтың жолы болып табылады.

Осылайша, Жібек жолы экономикалық аймағының құруда Қазақстан мен Қытай маңызды серіктес болуға және экономика, сауда, өндіріс, инфрақұрылымды дамыту, қаржы, ғылым мен технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

ҚазҰУ баспасөз қызметі