ҚазҰУ-да Қазақстанның экологиялық саясатын талдауға арналған конференция өтті

5 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшу жағдайындағы мемлекеттік экологиялық саясаты» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара заң ғылымының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жұмагелді Сәкенұлы Елубаевтың 70 жылдығына арналды.

Жиынға белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы,  оқытушылар мен білім алушылар қатысты.

Басқарма мүшесі – проректор Ләззат Еркінбаева Жұмагелді Сәкенұлы Елубаевты мерейтойымен құттықтап, заң-құқық саласындағы қайраткер ғалымның елеулі еңбектеріне тоқталды.

Жұмагелді Сәкенұлы – ҚазҰУ түлегі. Еңбек жолын Алматы қаласының адвокатурасынан бастады. Алматы қалалық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болды. Қазақ телевизиясының заң мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау меңгерушісі ретінде қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысты, Алматы қалалық «Білім» ұйымының лекторы, әділет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының оқытушысы болды. Жұмагелді Сәкенұлы кәсіби мансабының көп жылдарын судьялық қызметке арнады. Алматы қаласындағы аудандық соттың судьясынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясына дейінгі жолдан өтті.

Пленарлық отырыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымының докторы, профессор Дәулет Байделдинов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының экологиялық және аграрлық заңнама бөлімінің басшысы (Мәскеу қ.), профессор Сергей Боголюбов, Беларусь мемлекеттік университеті Экологиялық және аграрлық құқығы кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Тамара Макарова, заң ғылымының докторы, профессор Алуа Ибраева және басқалар сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар тұрақты дамуға көшу жағдайында Қазақстан Республикасының экологиялық саясатының өзекті тақырыптары бойынша жасалған баяндамаларды талқылады және пікір алмасты. Іс-шара барысында Жұмагелді Елубаев туралы «Құқық және уақыт» фильмінің тұсаукесері өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі