«Қыздарға әсемдік жарасады»

5 наурыз, 2024

2024 жылғы наурыздың 5 жұлдызында Экономика және бизнес жоғары мектебінде Экономика кафедрасының ұйымдастыруымен танымал актриса, дизайнер, бизнес-тренер, «Шабыт» орталығының негізін қалаушы қазақтың жарық жұлдызы Гүлшарат Жұбаевамен кездесу өтті.

«Қыздарға әсемдік жарасады» атты қонақ дәріс тақырыбы ТДМ 5 – Гендерлік теңдік, ТДМ 8 – Лайықты жұмыс және экономикалық өсу, ТДМ 17 – Тұрақты даму үшін серіктестік бойынша іс шаралар шеңберінде, Фараби университетінің 90 жылдық мерейтойына орай және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні шуақты мерекесі қарсаңында өткізілді.  

Жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдап келе жатқан Гүлшарат ханым студенттерге өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бірқатар бизнес саласындағы пайдалы кеңестер айтты. Актрисаның сегіз қыры бір сырлы қабілеттеріне таңданған студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ашық сұхбат та жүргізді. Гүлшарат Жұбаева тек кәсіпкерлік туралы айтып қана қоймай, soft skills мен hard skills жайлы өз басынан өткен жағдаяттарды мысалға ала отырып маңыздылықтарын түсіндіріп берді.

«Кәсіпкерлік – бірақтар лидерлік қасиеттерді қажет ететін, еңбек пен ізденістің нәтижесі» екенін бекітіп өтті. Сонымен қатар, 21 ғасыр әйел адамдардың өздерін көрсете алатын, мүмкіндікке толы ғасыр екенін айта келе қыздарға жеке мотивация берді. Танымал актриса қойылған сұрақтарға барынша шынайы жауап беріп, ақкөңілділігімен дәріске келген қонақтарды бірден тамсандырды. Дәріс қызықты және пайдалы ақпараттарға толы болып өтті. Актрисаға алтын уақытын бөліп, кездесуге келгені үшін алғыс айтамыз.

Ертеңгі Жаңа Қазақстан Гүлшарат Жұбаева сынды үлгі тұтарлық азаматшалармен, жалындаған жастардың қолында екені күмәнсіз!