Құрметті Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен білім алушы жастары!
Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында:
«Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.
Бұл – бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.
Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін», – деп атап өтті.
Күллі мұсылман қауымы үшін айрықша орны бар бұл ай адамзаттың ең асыл құндылықтары – мейірімділік пен жақсылықты, ізгілік пен имандылықты дәріптейді.
Бұл құндылықтар біртұтас халқымыздың бірлігін бекемдеп, рухани көкжиегімізді кеңейтеді.
Салт-дәстүрімізбен сабақтас Рамазан айы баршамызды бауырмалдыққа, кішіпейілдікке, кешірімді болуға үндейді.
Ораза – қайырымдылық жасауға, мұқтаждарға қолдау көрсетіп, жақын жандарға көмектесіп, бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырады.
Университет айнымас дәстүр бойынша Рамазан айының өнегелі тәрбиесін жан-жақты насихаттауға, ізгілікке бағытталған іс-шараларды іске асыруға белсене атсалысады.
Қасиетті Рамазан айында баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ