ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері Халықаралық йога күнін атап өтті
ҚазҰУ йога өнері арқылы адамның рухани дамуына, интеллектуалды және эмоциялық өсуіне, физикалық дамуына жол ашады деген пікірді алға тартып, халықаралық «Шанти» йога орталығын ашты. Өз жұмысын бастап кеткен орталық халықаралық «Мирас» мектебінде өткен «Халықаралық йога күні» мерекесінің ұйымдастырылуына ат салысты.
Йога – психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын, ежелгі Үндістанда пайда болған философиялық мектеп. Батыс, үнді ғалымдары йоганың раджа-йога, карма-йога, джнана-йога, бхакти-йога және хатха-йога сынды бағыттарынан тұратын жаттығулар адамның жүйкесін тыныштандырып, өне бойын қуаттандыратынын айтады.
Мерекелік шарада йоганың алғышарттары таныстырылып, жаппай жаттығулар (Ресей, Франция, Италия, Үндістан сынды мемлекеттерде) бір мезгілде жүзеге асырылды. Таң сәріде «Сурья намаскар (күнге тағзым ету)» жаттығуы жасалынып, мантра (дұға) оқылды. Сондай-ақ, мерекелік шарада көрсетілген йоганың сан түрлі жаттығуларының мән-маңызы түсіндіріліп отырды. Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен болған мерекелік шара жоғары деңгейде өтті.
Йога ұстаздары йогамен айналысу арқылы тән мен жан өзара үйлесім табатынын, еркін болуға және бірлікте болуға, өзімізді толықтай сезіну үшін тәніміз бен демімізді бақылауға, өз болмысымызды бағалауға және өз кемшіліктерімізді қабылдауға үйрететінін тілге тиек етті.
Айта кетерлігі, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында үндітану бөлімшесі жұмыс істейді. Осы бөлімше аясында келешекте ҚазҰУ-да йога жаттығуларын тұрақты өткізу көзделуде.
ҚазҰУ-дың «Шанти» йога орталығы