Есірткі заттарының зияны, нашақорлық және зиянды өмір салты.

29 ақпан, 2024

Ақпан айының 29 жұлдызында Картография және геоинформатика кафедрасының ұйымдастыруымен «Есірткі заттарының зияны, нашақорлық және зиянды өмір салты» тақырыбында Алматы қаласы, Қоғамдық денсаулық басқармасының ШЖҚ «Психикалық сауықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының врач-нарколог Айтолқын Абдыбахытовнамен кездесу өтті.

Шараның мақсаты есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату.

Врач-Нарколог Айтолқын Абдыбахытовна нашақорлықтың зардабы мен адам өміріне залалы туралы жинақтаған ақпаратымен бөлісті. Арнайы бейнебаян мен жинақтаған материалдарымен бөліскен, көкейдегі сұрақтарға жауап табылған басқосу болды.

          Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады. Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Бұған дәлел күн сайын әр-түрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жәйлі ақпарттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне —бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.

          Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.

          «Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Осыған орай жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде қалалық білім ошақтарында түрлі семинар, дәрістермен дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенеміз.