КӨРІСУ КҮНІ – АМАЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен білім алушы жастары!
Сіздерді Көрісу күні – Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы бұл мерекенің халқымыз үшін айрықша орны бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амал күнімен құттықтауында:
– Әз-Наурыздың бастауы – Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін! – деп атап өтті.
Ежелден бастау алған Көрісу күні тарихта қайта жаңғырып, бүгінде халықтық мейрамға айналды.
Бұл – игі істеріміз бен ізгі амалдарымыздың, бауырмалдық салтымыздың жарқын көрінісі.
Көктемнің бұл кезеңін ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деген жыр жолдарымен айшықтаған.
Амал мерекесі – халқымыздың бірлігін нығайтып, ағайынның ынтымағын арттыратын тамаша дәстүр.
Биылғы Көрісу күні мен Наурыз мейрамы қасиетті Рамазан айымен қатар келіп отыр.
Ұлттық құндылықтарымызды бағалап, халқымыздың рухани байлығын арттыра берейік.
Шынайы ниетімізбен өткенге салауат айтып, ақ тілегімізбен жаңа Амалды қарсы алайық.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ